Жергілікті тұрғынның үйіне қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлер ұсталды

202

 

Отырар АПБ-нің кезекші бөліміне Шәуілдір ауылының тұрғынынан, үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тез арада Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков бастаған облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы келіп жетті.

Полиция қызметкерлері жәбірленушінің айтуынша мынаны анықтады: Түнгі уақытта шамамен 3:30-дарда бетперде киген белгісіз үш адам үйге терезе арқылы кіріп, осы уақытта ұйықтап жатқан ерлі-зайыптыларды пышақпен қорқытып, жұбайын байлап, қымбат тоны мен алтын бұйымдарын, 4 ұялы телефонын және екі тіркелген аңшы мылтығын қарақшылық жолымен алып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 000 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы «Қарақшылық» бойынша СДТБТ-ға тіркелген.

Қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобын құрды, оған облыстық департаменттің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері, Отырар АПБ-нің жедел уәкілдері және учаскелік инспекторлар кірді.

Полиция қызметкерлері қылмыс орнын мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті шараларды жүзеге асырды.
Осындай жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде» ізін суытпай » қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты ұстады. Олар Отырар, Мақтарал аудандарының, Шымкент қаласының және Нұр-сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты. Оның біреуі бұрын сотты болған. Күдіктілер Шымкент қаласының көшелерінің бірінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды .

Тергеу барысында 4 жас жігіттен тұратын қылмыстық топ қарақшылық жолмен алынған алтын бұйымдарын ломбардқа өткізгені анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары, күдіктілер қылмыс іздерін жасыру үшін көміп қойған мылтықтарды тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алынды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, жергілікті тұрғын қарақшыларды ұстаған Түркістан облысының полицейлеріне алғысын білдірді. «Мен полицейлерге ризамын! Әсіресе, Түркістан облысы ПД-нің бастығы Қайрат Дәлбековке ризамын! Менің үйіме жасалған қарақшылық шабуылды ашуға тікелей ықпал етіп, жеке өзі қатысқаны үшін ерекше алғыс айтамын. Полиция қызметкерлері жеделділік пен кәсібилік көрсетіп, бір тәулік ішінде күдіктілерді ұстады. Оларға қызметте сәттілік тілеймін!»-деп жүрекжарды сөзін арнады.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға тұрғын үй қауіпсіздігімен қатар, өз мүліктерін сақтау шараларын үнемі қолдану қажеттігін ескертеді. Мүмкіндігінше үйлерде бейнебақылау камералары мен Күзет дабылын орнату қажет. Терезелерге темір тор орнатып, ал есіктерге сенімді құлыптар орнату керек.