Қазіргі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында күні-түні рейдтік жұмыстар жүргізіп жатыр.
Әзірге, полицейлер төтенше жағдай режимін бұзған 16 тұлғаны анықтады. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек екі азамат соттың шешімен 5 тәулікке қамауға алынды.
Мәселен, қала орталығында төтенше жағдайға қарамастан заңсыз жұмыс жасап тұрған 1 компьютер клубы, 5 кафе-ресторан мен 1 кіші футбол алаңы анықталды. Сондай-ақ, кафелердің біріне құдалық, туған күн жасаған азаматтар да жауапқа тартылды. Одан бөлек, тұрғын-үйінің ауласында той жасаған тұрғынға да шара көрілді.