Úı ANONS Бағаны көтергендерге шара қолданды

Бағаны көтергендерге шара қолданды

Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар шара атқарылып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын бірқалыпты ұстап тұру үшін тұрақтандыру қоры арқылы өнімдер нарыққа шығарылуда, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге әкімшілік хаттамалар толтырылған. Дегенмен, нарық заңдылығына сай бағаны толық бақылауда ұстау мүмкін бе?

 Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімінің алдын алу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекембаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атаудан тұратын тізбесі бекітілген. Аталған өнімдерге тұрақты түрде мемлекеттік бақылау жүргізіледі.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына ұн, нан, жұмыртқа, сиыр және тауық еті, сүт өнімдері, күнбағыс майы секілді күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктер кіреді. Бұл өнімдердің шекті бағасы үкіметтік деңгейде белгіленіп, оның негізсіз қымбаттауына жол берілмеуі тиіс. Аймақтарда құрылған тұрақтандыру қоры да осы мақсатта жұмыс істейді. Ал тұрғындар бұл өнімдерді қайдан және қандай бағамен сатып ала алады?

Талғат Мекембаевтың айтуынша, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті шаруалармен, көршілес өңірлердің өндірушілерімен және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен келісім жасалған. Соның нәтижесінде апта сайын қаланың 6 аумағында тұрақты жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Жәрмеңкелерге 200-ден аса кәсіпкер қатысады. Жыл басынан бері барлығы 340 жәрмеңке өтіп, онда өнімдер нарықтағы бағадан 10–15 пайызға арзан ұсынылған.

Бағаны тұрақты бақылауда ұстау мақсатында басқарма тарапынан жыл басынан бері 50-ден астам комиссия отырысы өткізілген. Екі мыңнан аса кәсіпкердің қызметіне талдау жасалып, бағаны негізсіз көтеру деректері бойынша тиісті шаралар қолданылған. Мұның бәрі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталғанымен, кейбір тауар түрлерінің құнын ұстап тұру мүмкін болмағанын да басқарма басшысы жасырмайды.

Мәселен, соңғы уақытта сиыр етімен қатар тауық еті мен сүт өнімдерінің бағасы өскен. Бұған қаланың сырттан келетін өнімдерге тәуелділігі әсер еткен. Сонымен қатар мал азығының қымбаттауы ет бағасының өсуіне тікелей ықпал етіп отыр. Айта кетейік, азық-түлік бағасының қымбаттауы тек Шымкентте емес, республика көлемінде байқалып отыр.

Дилара Иса