60 жылдан бері қолданыстағы апатты жағдайдағы көпір биыл жөнделеді

157

 60 жылдан бері қолданыстағы апатты жағдайдағы көпір биыл жөнделеді. Бадам өзені үстінен өтетін өткелге реконструкциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс қарқынын бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов көріп қайтты.

Бұл көпір өткен жылдың 60 жылдары қолданысқа беріліпті. Содан бері жартымды жөндеу көрмеген. Апатты жағдайда болған өткел қайта құру жұмыстарынан кейін ені ұзарып, алты жолақты жолға айналады. Өндірістік кестеге сай нысан биылғы жылдың қарашасында пайдалануға беріледі.

Қонаев көшесінің құрылысы да қыз-қыз қайнап жатыр. Көпірдің ұзындығы 100 метр, ені 32 метрді құрайды. Бұл жол пайдалануға берілгенде қаладағы көлік кептелісі реттеледі дейді жол саласының өкілдері. Нысан құрылысының келесі сатысында осы аумақтағы 200 – ден астам тұрғын үйдің жері мемлекет мұқтажына қайтарылады.

Қазір билік өкілдері жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кептелістен көз ашпайтын Республика даңғылы да жуырда орта жөндеуден өтеді. Жоба бойынша 4 жолақты көше 3 жолақты болып, қалған бөлігі автотұраққа беріледі. 5 шақырымды нысанның құрылысы наурыз айында басталып, келер жылдың аяғына дейін жалғасады.

Мақпал Рысбаева