Шымкентте коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды

348

«Шымкентте коронавирус жұқтырған адам табылды», – деп жалған ақпарат таратқан азамат анықталды. Ол WhatsApp желісінде «Шымкент плаза» сауда орталығынан қатерлі індет – коронавирусты жұқтырған адамды дәрігерлер алып кетті», – деп видео таратқан. Елді дүрліктірген азаматты тәртіп сақшылары көп ұзатпай-ақ ұстады. Белгілі болғанындай, 25 жастағы жігіт сол сауда орталығындағы дүкендердің бірінде жұмыс істейді екен.

Әлібек Амзеев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен Әлібек Амзеев бүгін таңғы уақыттарда Шымкенттің тұрғыны коронавирусқа шалдықты деп жалған сөйлеп, видеоны таратқаным үшін қала тұрғындарынан және сауда орталығының әкімшілігінен кешірім сұраймын. Бұл өтірік ақпарат! Ақымақтық жасадым».

Ал Шымкент қалалық  прокуратурасы қазіргі уақытта бұл азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Шымкент плаза» сауда үйінде коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан осы сауда үйінің дүкенінде жұмыс істейтін Амзеев Әлібек екені анықталды. Ол Әл – фараби АПБ-мен ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.

Мөлдір Бекеева