42 500 теңгені кімдер қайтаруы тиіс?

379

 

Түркістан облысында 390 мыңға жуық азамат 42 500 теңге төлемді алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Дәурен Байырбеков мәлімдеді.

Салаға жауаптылар 2 мыңға жуық өтінішті түрлі себептермен кері қайтарған. Қоғамда қызу талқыланып жатқан 42 500 теңгені кімдер қайтаруы тиіс? Не себепті кейбірі ақшаны әлі ала алмай жатыр?

Облыста осыған дейін 522 мыңнан астам тұрғын 42500 теңгеге өтініш беріпті. Оның 434 мыңнан астамына төлем тағайындалған. Бұл төлем төтенше жағдай режимі аяқталғанша автоматты түрде жүргізіліп отырады. Қаржылай көмекті алу үшін ай сайын бірыңғай жиынтық төлем жасаудың қажеті жоқ дейді жауаптылар.

Ал төтенше жағдай кезінде жалақысынан айырылмаған, бірақ, 42500 теңгені алғандарға заң – қатаң. Министр бұл ойын ашық айтпаса да тұспалдап жеткізді. Сондықтан да тұрақты айлық алып отырғандар ақшаны кері қайтарғаны жөн.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Жұмыс берушілерге мәжбүрлі ақысыз демалысқа шықпай, тұрақты жұмысы жүріп тұрып, жалақы алып жүргендер алса, заң бұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес. Ақша мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. Сол қаражатқа жауапты болған соң, бұйрығы жоқ, ақысыз демалысқа жібермегендерге сұрау жасайды да, кейін қайтаруды талап етеді».

42 500 теңгені алуға жалпы саны 7 миллиондай азамат өтініш берген. Алайда 3 млн-ға жуық қазақстандықтың өтініші мақұлданбаған. Арасында тіпті, қайтыс болғандар мен елден көшіп кеткендердің атынан өтініш бергендер бар.

Өтініштен бас тартуға бірнеше жағдай себеп: көбі жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпеген. 160 мыңдай адам сондай қате жіберіпті. Өтініш берушілер банк реквизитін, яғни KZ деп басталатын есепшот нөмірін дұрыс көрсетпеген. Миллионнан астам азаматқа 12 ай ішінде жұмыс берушілер бірде-бір әлеуметтік төлем аудармапты.

Мемлекеттік қызметкерлерге ақша берілмейді. Ал әлеуметтік төлемді алып, керегіне жұмсағандар болса, екінші төлемді асыға күтіп жүр. Бүгінде 3 млн. 960 мың адамға сақтандыру қорынан 157 млрд. теңге төленген.

Мақпал Рысбаева