Мүгедектіктікті белгілеудің сырттай форматы қолға алынады

400

 

Карантин кезінде сараптамаға бармай-ақ мүгедектікке шығуға болады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері қашықтықтан көрсетілетін қызметтермен таныстырды.

Бір жағынан карантин, бір тұстан қаржылық дағдарыс құрсауында қалған жұртшылықтың қазіргідей кезеңде әлеуметтік шиеленіске баруына жол бермеу маңызды болып тұр. Сондықтан да мамандар қашықтықтан болса да жұмыс істеп әлеуметтік осал топ жүгінетін қызметтерді тоқтатпақ емес. Төтенше жағдай талаптары сақталып, мүгедектіктікті белгілеудің сырттай форматы қолға алынады.

Енді азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне бармай-ақ, мүгедектік жәрдемақы алу үшін онлайн құжат тапсыра алады. Тұрғындар бұл қызметке «Электрондық үкімет» порталында өтініш беруі тиіс. Ол үшін Сіз стандартқа сәйкес толтырылған өтінішіңізді сканерленген құжаттармен қоса өткізуіңіз қажет. Өтінімге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады.

Төрехан Даутов, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының м.у.а.: «Өтініш сіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаментіне жіберіледі. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізілгеннен кейін оның нәтижелері көрсетілетін қызметті алушыға sms-хабарлама арқылы, «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетке немесе «Электрондық өтініш» сервисі арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезеңінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне қайта куәландыруға келмеген азаматтарға өткізіп алған кезеңіне 2020 жылғы 16 ақпаннан бастап мерзімде белгіленетін болады».

Мақпал Рысбаева