Қаладағы көпқабатты үйлерді жылумен қамтуда биыл күрделік болмайды

251

Шымкенттегі Қ. Рысқұлбеков көшесінің Ғ. Іляев пен Желтоқсан көшесі аралығында жылу жүйелері толық жаңаланды. «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің бригадасы диаметрі 159 мм құрайтын ескірген құбырларды алмастыруда. Нәтижесінде, ұзындығы 808  метр аралықтағы жер астындағы тозығы жеткен жылу құбыры жаңаланады.

Еділ Бүркітбаев

«1978 құрылған жылу жүйелері  42 жыл  бойы пайдаланылып келді, тозығы әбден жеткен. Биыл міне, бірінші рет ағымдағы жөндеуден  өткізіп, ескірген құбырларды  жаңасына алмастырып жатырмыз»,- дейді «Қуатжылуорталық-3» МКК бас инженері Еділ Бүркітбаев.

Сала мамандары енді, бұл учаскеде алдағы жылу маусымында проблемалар болмайтынына сенімді. Ал, Толстой көшесіндегі жер үстінен өтетін ескірген жылу құбырларын алмастыруға тапсырыс бойынша құбырлар жеткізілді. Бұл құбырлар полиуретанмен қапталған, сондықтан, жүйеге дәнекерленіп орнықтырылады.

Тәшкенбай РАХЫМ

Тәшкенбай Рахым, мердігер мекеменің өкілі: «Павлодардан алып келетін едік. Енді Алматыдан жеткіздік, отандық сапалы құбыр. Ұзақ мерзім пайдаланылады. Бұл алғашқы  партиясы, тағы жеткізіледі».

Бұл құбырлар қосымша қаптауды қажет етпейді. Шахардағы  жаңаланған жүйелер тұтынушыларды сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, №3-ші аудандық қазандығы «Қуатжылуорталық -3» мекемесінің меншігіне өтіп үш қазандықтың біреуі ағымдағы жөндеуден өтуде. Екінші қазандық резервте болса, үшіншісінен   қалалықтарға ыстық су берілуде.

Теріскей мен Сайрам шағынаудандарындағы көпқабатты 92 тұрғын үй жүйе арқылы ыстық сумен қамтылды.

Аөбаян Байымбетова

Ақбаян  Байымбетова, Теріскей шағынауданындағы №4 үйдің тұрғыны: «Бұрын ыстық су проблема болатын,  биыл беріп жатыр, ыстық жақсы. Үш  балам бар  енді күнде кешкісін шомылдырамын».

«Көпқабатты тұрғын үйлерде ыстық су, жылудан да мәселе туындамайды»,- дейді сала мамандары. Қаладағы тозығы жеткен сорғыш стансалары, қазандықтар, магистральды және орамішілік жылу жүйелері кезең-кезеңімен жаңалануда.

Шынар Оразова