Қоғамның тыныштығын күзеткен

175

Қоғамның тыныштығын сақтап, қандықол қылмыскерді құрықтау ісінде күндіз-түні қалтқысыз қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қашанда еңбегі жоғары. Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, аға лейтенант Ержан Жылқыбаев бұл салада абыройлы қызметімен танылып келеді.

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы, Атакент ауылында дүниеге келген Ержан Тасболатұлы сондағы орта мектепте білім алған. Ағалары мен нағашыларының форма киіп, шен таққанын көріп, құқық қорғау саласында еңбек етуді алдына мақсат етіп қояды. Арманына қол жеткізу жолында көп ізденеді. Осы жолда жүріп, кейіннен Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы ОҚМУ – да «Заңгер» мамандығын меңгерді. Ал, еңбек жолын елордадағы Сарыарқа ауданында жедел уәкіл болып бастады.

2018 жылы туған жерге оралды. Қазіргі кезде қызметін аудандық полиция бөлімінде жалғастыруда.
«Ішкі істер органында жұмыс жасау аса жауапкершілікті талап етеді. Қылмыстың алдын алу мақсатында атқаратын жұмысымыз да ауыр. Жүктелеген міндет, артылған сенім бар. Барлығының үдесінен шыға білу керек. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қиын мамандықты таңдағаным үшін еш өкінбеймін» – дейді ол.

Жалпы Мақтарал ауданының Атакент кенті шекаралы аймаққа жатады. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен араны жалғайтын жол бар. Өткен жылы тәртіп сақшылары шекара қызметімен бірлесіп аудан тарихында болмаған қылмысты ашты. Яғни, 2 келі героин тасымалдаушыны ұстап, есірті тасымалына тосқауыл қоя білді. Тәжікстан азаматы Өзбекстанның екі шекара бекетінен білдірмей өткенімен, Қазақстан аумағына кірген тұста тәртіп сақшыларының қолына түседі. Бұл қырағылығы үшін облыстық полиция департаменті бастығынан және аудан әкімі мен прокуратура тарапынан да арнайы алғыс хаттарға ие болды.

Бүгінде мақтаралдық полицейлер пәтер ұрлығы мен мал ұрлығын жасаушылардың жолын кесуде. Тіпті кейбірін қылмыс үстінде ұстап, алдын алу жұмыстарын жедел атқаруда.

– Түнгі мезгілде екі қойды көлікке тиеп жатқан адамдарды күдікті ретінде ұстадық. Кейін қойларды ұрламақшы болғандары анықталды. Іс сотқа өтіп, күдіктілер заң жүзінде жазаларын алды – дейді ол.
Сондай-ақ, Ержан Тасболатұлы әріптестерімен жыл басында бес пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілерді құрықтаған. Кейіннен сотта күдіктілер қылмысын мойындап, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылған.

Ержан бос уақытын отбасына арнайды. Спорт залға бару – ол үшін күнделікті әдітті іс. Дене шымыр, өзі алғыр жігіт дзюдодан спорт шебері.