Ақшасын қаржы пирамидасына салып жіберіп, «ұрлық болды деп» жалған ақпарат берген

161

Түркістан облысының тұрғыны ақшасын қаржы пирамидасына салып жіберіп, осы ісін жасыру үшін «ұрлық болды деп» жалған ақпарат берген

Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел арызданып, үйінен белгісіз тұлғалар ірі көлемде ақша ұрлағанын жеткізді. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, үй ұрылары оның пәтеріне кіріп, сандықтан миллион теңгесін ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайт Сайрам АПБ-нің СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
Қылмыс орнын мұқият қарау барысында, жедел уәкілдер бөтен адамдардың қатысуының айқын іздерін таппады және ұрлықты отбасы жақындарының бірі жасауы мүмкін деген болжамға келді. Полиция қызметкерлері үй тұрғындарын, көршілерден жауап алғаннан кейін, нәтижесінде аталмыш ұрлыққа жәбірленушінің өзі қатысты болып шықты.
Тергеу барысында әйел өз ақшасының жоғалуын жасыру үшін ұрлық жасалды деп жалған ақпарат берген. Анықталғандай, күдікті күйеуінен жасырын түрде қаржы пирамидаларының біріне миллион теңге салған. Бірақ содан кейін, БАҚ арқылы және әлеуметтік желілерден, ол мекеменің жабылғанын білген және ол ештеңесіз қалған. Күйеуінен ақша жоғалуын жасыру үшін әйел ұрлық қылмысы болды деп, полицияны шақырып, жалған ақпарат берген.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 419-бабы «Көрінеу жалған ақпарат жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті «қолхатта». Жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға керемет ұтыстар ұсынатын аферистердің қақпанына түспеу үшін кез келген осындай сенімсіз ақпараттарға қызықпауға кеңес береді. Сондай-ақ, мұндай оқиғалар ауыр қылмыстарды ашуға және қауіпті қылмыскерлерді ұстауға бағытталуы мүмкін полицияның айтарлықтай күші мен құралдарын алаңдатады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.