Мақтааралға кәсіпкерлер 7 млн. теңге тұратын 2 су сорғышты сыйға тартты

135

 

Мақтааралға көмектесу үшін Шымкент қаласынан көптеген кәсіпкерлер келуде. Жақында үшінші мегаполистен «Қазойл сервис» ЖШС-ның директоры Бекжан Раймбердиев бастаған «Құрылыс металлконсрукциялар зауыты» ЖШС-ның директоры Исабек Жақсылық және «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-ның директоры Ерхан Байдуллаевтар келіп, Мақтаарал ауданы әкімдігіне әрбірінің құны 7 миллион теңге тұратын 2 су сорғышты сыйға берді.

«Біз үшін еліміздің әрбір жері ыстық, әрбір жері жұмақ. Мақтааралды су алды дегенде жанымыз жай таппады. Су алған елді мекендерді судан тазарту үшін су сорғыштарды сыйға беруді азаматтық борышымыз деп санадық. Құрылғылардың салмағы 3 тонна. Қажет болса мамандарымыз өздері орнатып береді» – деді Б.Раймбердиев.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында авариялық–құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 1626 адам, 17 дана жүзу құрылғысы, 234 дана техника, 228 дана су сорғылар жұмылдырылған. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан 223 адам, 62 дана техника, 100 дана су сорғылар су айдау жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінен 351 әскери қызметкерлері мен 38 дана техника, ҚР Ұлттық Ұланының Алматы облысындағы құтқару батальонынан 160 әскери қызметкерлер, 15 дана техника, 4 МП, 8 дана жүзу құрылғысы, 2 электростанция тартылған.

Үздіксіз су тартып шығару нәтижесінде 10 мамырдан бастап Өргебас елді мекенінің көшелерімен автокөліктердің жүруіне мүмкіндік туды. Қазіргі таңға дейін жалпы 6 123 781 куб.м су сорылды.

 

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі