Мақтааралдықтар 1 мың АҚШ долларын әлі алмаған

173

Мақтааралдағы үйсіз қалған бүтін бір ауыл тұрғындары биліктен әлі бір тиын да алмаған. Фердауси ауылының жұрты уәде етілген мың доллорды да, 100 мың теңгені де көрмегенін айтады.

Тіпті, мектепті паналап жатқан кей жұртқа белгіленген ақша бұйырмауы да мүмкін. Себебі ондағы отбасылардың барлығында үй құжаты жоқ. Бір сәтте шаңырағынан айрылған қарашаның мұңы мұнымен бітпейді.


Жасы 60-ты алқымдаған бұл ақсақалдың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанына тура бір апта. Фердауси ауылының азаматы су тасқыны кезінде бір емес үш үйінен айрылған. Бір аулада бір әулет боп тұрған олардың бір үйі ғана заң жүзінде тіркелген екен. Осыған байланыста енді оларға берілетін үй де жалғыз болмақ.

Мазасыз елдің мұңы мұнымен бітпейді. Құжатының болмауынан олар өздеріне тиесілі мың долларға да, 100 мың теңгеге де қол жеткізе алмауы мүмкін. Сардобадағы су кесірінен үйінен де, мал-мүлкінен де айрылған олар көмекті кімнен сұрарын білмей жүр. Үйсіз қаламыз ба деген ерлер көз жасына да ерік берді.

Бүгінде панасыз қалған Фердаусилік 1000-нан астам адам білім ұясын паналап жатыр. Бір сыныпта 5-6 адам жатса, спортзалда 30-дан астам тұрғын орналастырылған. Мектепте тұрып жатқан ел проблемаларды ашып айтуға батпады. Алайда, біз барған уақытта мектепте жарық болған жоқ. Тас қараңғы жерде жуынатын орын да қамтылмаған екен. Айта кетейік, бұл аумақ Келес ауданы әкімдігі жауаптылығына тапсырылған.

Ресейлік өзбек азаматы бөлген қаржыны тек үй құжаты бар отбасылар алатын болды. 5202 отбасыға қаржы ертеңнен бастап беріледі. Айта кетейік, көмекті тек үйі су астында қалғандар алмайды. Эвакуацияланған ауылдарға да үлестіріледі. Төтенше жағдай кезінде 13 елді мекен эвакуацияланған еді. Оның 8 бүгінде үйіне қайтқан. Еске салайық, су тек 5 ауылды басты.

Назерке Үкібасова