Шымкентте коронавирусқа шалдыққан медицина қызметкерлері мен полицейлердің тізімі белгілі болды. Бұл жөнінде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, қауіпсіздігін бақылау департаментінде өткен шұғыл брифингте айтылды. Бұдан бөлек, қаланың Бас санитар дәрігері миллионды қаладағы тамақтану орындары мен мейрамханалардың қашан ашылуы мүмкін екенін де мәлімдеді.
Миллионды қала — Шымкентте тәжівирусқа шалдыққандардың тізімі күн санап артып келеді. Қауіпті індетті жұқтырғандар қатарында кәнігі тұрғындар ғана емес, оны емдеп-жазуға атсалысып жүрген ақ халаттылар да бар. Қазірдің өзінде бұл инфекция 127 медицицна қызметкерінен табылыпты. Арасында жұқпалы аурулар ауруханасы мен жүйке жүйесі орталығы, сондай-ақ жеке меншік медициналық мекемелердің қызметкерлері бар.Ғалымжан Әбіш, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:»Медицина қызметкерлері арасында коронавирусқа шылдыққан жәйттер тіркелді. Қазіргі уақытта бұл бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізілді. Бірақ бұл ұзақ процесс болғандықтан, әлі аяқталған жоқ. Мысал ретінде жұқпалы аурулар ауруханасын алатын болсақ, ол күрделірек, себебі ғимарат толығымен карантинге жабылған. Ол маңайға тіпті тексеру үшін кіруге тыйым салынған. Сондықтан бұл процесс әлі де жалғасып жатыр. Қорытындысы келесі аптада белгілі болады».
«Біз өмір бойы карантинге жабылып отырмаймыз, санаулы күндерден соң бұл шектеу шаралары алынады деген үміттеміз». Шымкенттің санитар дәрігерлері журналистермен өткен шұғыл брифинге осылай деп жергілікті жұртты сабырға шақырды. Айтуларынша, егер қала халқы санитарлық талаптарды сақтап, қатаңдатылған ережеге бағынатын болса 8-маусымнан бастап көпшілік тамақтану орындары мен спорттық мекемелер жұмысын бастауы мүмкін. Алайда тұрғындар негізгі талаптарды ұмытпауы тиіс.
Алмат Қосалиев, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:»Әрине, көпшілік тамақтану орындары мен спорттық нысандарды ашуға мүмкіндік бар. Бірақ, тұрғындарға үйден медициналық бетпердесіз шығуға болмайды. Бұл мәселе апта соңында шешіледі деп отырмыз. Осы орайда, жағдай ушықпасын десеңіздер, тәртіпті сақтаңыздар дегіміз келеді».
Ескеретін жәйт, егер дәмхана, мейрамханалар ашылатын болса, онда бір реттік ыдыс-аяқ қолданылмақ екен. Сондай-ақ, ондағы қызметкерлер мен келушілерден медициналық бетперде, қолғап және антисептиктер талап етіледі. Қонақтардың дене қызуы тексеріліп, ғимарат іші сәт сайын залалсыздандырылып отыруы міндеттелмек. Яғни, қатаң тәртіп орнайды. Және қаладағы бұл мекемелердің жұмыс тәртібі мен шектеу шараларына бағынуын арнайы мониторингтік топ қадағалайтын болады.
Айта кетейік, шұғыл брифингте Шымкенттегі полиция департаментінің штаттан тыс — 1, қорғаныс министрлігінің 3 қызметкері, сондай-ақ, ұлттық ұлан жасағында келісім-шарт бойынша еңбек ететін 1 қызметкердің қауіпті дертті жұқтырғаны айтылды.
Қаланың бас санитар дәрігері төрағалық еткен жиналыста «ковидке» күдіктілерге қатысты жаңа ереже де таныстырылды. Енді олардың дене қызуы көтерілмесе, жөтел қыспаса және өзге де белгілер табылмаған жағдайда, ауруханада небәрі 3 күн жатып, босатылады. Яғни, қатаңдатылған үй карантиніне жабылады екен.
Мөлдір Бекеева