Шымкентте 260 карантин ошағы тіркелген

183

Шымкентте 260 карантиндік ошақ тіркелген. Оның жартысы бүгінде бақылауда. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов журналистермен болған баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Айтуынша қалада карантиндік шектеулер тағы да ұзартылып отыр. Бас санитар дәрігердің шешіміне шаһарда қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал себеп болып отыр.

Шымкентте карантиндік шектеулер 8 маусымға дейін ұзартылды. Эпидемиялық ақуалды саралай келген бас санитарлық дәрігер осындай байлам жасап отыр. 18 мамырда шектеулер алынуы жоспарланған қоғамдық тамақтандыру орындары, діни нысандар, балабақшалар, фитнес орталықтар, білім үйірмелері ашылмады. Себебі, соңғы күндері тұрғындардың карантинге салғырт қарауынан вирустың таралуы күрт артты дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Қазір 5,8 млрд. теңгеге қалада жаңадан 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан маусым айында пайдалануға беріледі. Covid-19 жұқтырған азаматтарды уақытылы анықтау үшін лабораториялық тесттен өткізу шаралары да күшейтілген. Сәуір-мамыр айларында жоспарлы тестілеуден өтетін 23 мың адамның 86 пайыз ПЦР тесттен өткізілді дейді шаһар басшысы.

Ал қалаға кіріп-шығатын жолдарға қойылған блок-бекеттердің жұмысы жалғасады. Себебі, қорғаныс аумақтары арқылы сырттан келген 8 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталған. Айта кетейік, шаһарда санитарлық тексеру жұмыстары күшейтіліп 4 мыңнан аса нысанда мониторинг жүргізілді.

Құзырлылар 127 тұлғаға әкімшілік шара көріп, 19-н әкімшілік қамауға алған. Айта кетейік, қала әкімдігі резервінен коронавируске қарсы шараларға 1,2 млрд.теңге қаржы бағытталған. Оның ішінде, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 501 млн.теңге бөлініпті.

Мақпал Рысбаева