Ата-аналар мүгедек балаларын үйде отырып-ақ бақылай алады

94

Ата-аналар мүгедек балаларын үйде отырып-ақ бақылай алады. Шымкенттегі «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» цифрлық камералар орнатылып жатыр.

Мекемедегі өзгеріске Тасарықтағы мүгедек балалар үйінде орын алған келеңсіз жағдай себеп болған. Салаға жауаптылар енді мүмкіндігі шектеулі жандардың орталықтағы жағдайына бақылауды күшейтуге көшіпті.

Бұл Шымкенттегі өздігімен жүріп-тұра алмайтын мүгедек балалар ем-дом алатын бірден-бір мекеме. 100-ден астам кемтар балаға пана болған орталықта бақылау камералары орнатылып жатыр. Цифрлық құрылғылар арқылы ата-аналар мұндағы ұл-қыздарының жағдайын алақандағыдай бақылай алады. 8 жылдан бері жаңартылмаған бақылау жүйелері биыл толықтай ауыстырылады.

Өзге өңірлердегі мүгедек балалар үйлерінде орын алған келеңсіз жағдайлардан кейін салаға жауаптылар кемтар жандардың күнделікті күтіміне бақылауды күшейтіп отыр.

Ержан Иманбердиева, «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» директорының орынбасары: «Бұл камералардың алдыңғы камералардан ерекшелігі ата-аналар онлайн түрде балаларын көре алады. Соңғы технологиямен жасалып жатқандықтан, бұл құрылғылардың қамту күші зор. Бұл жұмыстарды алматылық фирма жүргізіп жатыр».

Ал бұл жұмысшылар балалардың қысқы қамын қарастыруда. Жылу жүйелерін толықтай ауыстырып, құбырларды жаңалап жатыр. Орталық қызметкерлері әр қыста жылыту жүйелері сыр беріп, жамап-жасқап күнелтіп келгендерін жасырмайды. Ағымдағы жөндеудің арқасында алдағы жылыту маусымын алаңсыз қарсы алатын болдық дейді орталықтағылар.

Бақытжан Сұлтанбеков, «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» директорының орынбасары: «Жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. Осыған дейін жүйелер бұзылып, қыста жылумен қамту қиындық туғызатын. Енді ондай мәселе туындамайды. Қазір барлық ескі құбырлар алынып тасталды. Заман талабына сай жүйелер жаңартылатын болады».

Айта кетейік, орталықта психоневрологиялық ауытқулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға стационарлық жағдайда түрлі қызметтер көрсетіледі. Мұнда қазіргі таңда ата-анасы немесе қамқоршысы бар 120 бала бар. Одан бөлек қамқорлықсыз қалған 30 бала ем-дом алады.

Мақпал Рысбаева