Карантин режимі әкімдік бақылауында

298

Қаратау ауданында карантин режиміне байланысты рейд өтті. Мониторингтік жұмыс нәтижесінде Сайрам ауылынан талапқа бағынбағандар құрықталды. Мұндағы тұрғындар медициналық бетпердені атымен ұмытып, сақтық шараларын да елемейтін болған. Енді олар заң алдында жауап бермек.


Бейқам келе жатқан тұрғындар медициналық бетпердені мониторингтік топты көргенде ғана еске түсірді. Ал, кейбірі тіпті карантин талаптарына пысқырмайтын да сыңайлы. Осыдан болса керек, қазір Шымкент республика бойынша коронавирус жұқтырғандар көшінің үштігінен бір-ақ шықты.

Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев тексеру жұмыстарын жиі өткізетінін айтады. Алайда, оған құлақ асып жатқандар көп емес. Солардың бірі мына азамат. Алғашында ол өзінің бетпердесін көлікте қалдырдым деп ақталды. Болмағасын қорғаныс құралын қалтасынан шығарды.

Коронавирустан қоғамдық көлік жүргізушілері де сескенбейтін сыңайлы. Оған бетпердемен мінгендерді де кездестіру оңай болмай тұр. Жүргізуші мен кондуктордың айтуынша егер оларды автобусқа кіргізбесе, жұмыстан қысқартылады.

Сайрамдағы базарлардан да карантин талаптарына немқұрайлылық байқалады. Оны тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті ашына жеткізді.


Айнұр Пернеева, Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің өкілі: «Біз қаншама рет ескерту жасадық. Бірақ, одан шыққан ешқандай нәтиже жоқ. Тәртіп бұзушылық қаншама рет орны алды. Алайда, өз дегендерін жасап жүр.  Біз бар болғаны әкімшілік хаттама толтыра аламыз. Ендігісін сот шешеді. Осының кесірінен енді біз инфекция жұқтырғандар көшін бастап тұрмыз».

Мониторингтік топтың келгенін біліп базар иесі де жетті. Ол жағдайды түзететінін айтып сендірді. Бірақ, бұл сөзге әкімдік сенуден қалдық дейді. Себебі берілген уәде сол жерде қалып, ештеңе түзетілмейді екен.

Құр кешіріммен ешкімнің де құтылмасы белгілі болды. Тәртіпке бағынбағандарға хаттама толтырылды.

Айта кетейік, соңғы күндері Шымкентте инфекция жұқтырғандар көрсеткіші көбейіп кетті. Бүгінде ковид жұқтырғандар саны 1158-ге жеткен.

 Назерке Үкібасова