Мотокөлік жүргізушілері бір күнде 12 рет жол жүру ережесін бұзған

559

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 18-25 маусым аралығында «Мотокөлік» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Бұл іс-шараның мақсаты – көлік жүргізушілерінің тәртібін арттыру, оның ішінде мотокөлік құралдарын қауіпсіз жүргізу. Сондай-ақ, мотоцикл жүргізушілеріне жол жүрісі қағидаларының талаптарын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Іс-шара барысында департаментке қарасты аудандық Полиция басқармалары мен Патрульдік полиция полкінің жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару түріне көшті.

Сонымен қатар, түнгі уақытта тыныштықты бұзу дәйектеріне жол бермеу бойынша, оның ішінде елді мекендерде рұқсат етілген шу нормаларын асырған немесе өңделген газдарды шығару жүйесіне енгізілген өзгерістер бар мотоциклдерді басқару, мотокөлікті мас күйде басқару, қозғалыстың белгіленген жылдамдығын арттыру және басып озу, қарсы келіп жол айырысу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқару сияқты құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Іс-шараның бір күндік нәтижесінде мотокөлік жүргізушілерімен жасалған жалпы 12 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды:

— ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі (техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлік құралын басқару) — 4;

— ҚР ӘҚБтК-нің 593-бап (жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) – 3;
— ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы (маневр жасау қағидаларын бұзу) – 4;
— ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы (жаяу жүргiншiлердің жүруiне басымдық бермеу) –1.