12 наурыздан бастап еліміздің жолдарындағы бейнебақылау жүйелері жаңа режимге көшеді. Бұл — жаңа шектеулер емес, заманауи техникалық мүмкіндіктердің іске қосылуы.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, жол ережелері сол қалпында қалады, бірақ енді тәртіпті жасанды интеллект қадағалайды. Бұрын тек патрульдік полицияның көзіне түсетін заңбұзушылықтарды, мәселен, рөлде отырып телефонмен сөйлесуді немесе қауіпсіздік белдігін тақпауды енді камералардың өзі-ақ автоматты түрде анықтайды.
Сонымен қатар, базамен интеграцияланған жүйе техникалық тексерістен өтпеген, сақтандыруы жоқ немесе қару ұстау рұқсатының мерзімі аяқталған жүргізушілерді де «сүзгіден» өткізіп отырады.
АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: «Кейбір БАҚ тараған автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Бұл жүйелер тек көлік құралдары жасаған жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтауға арналған».
Мамандар жүйенің толық автоматтандырылуы сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді деп отыр. Негізгі мақсат — бюджетті толтыру емес, соңғы кездері жиілеп кеткен жол апаттарының алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Сондықтан 12 наурыздан бастап жүргізушілерге тек жылдамдықты қадағалап қана қоймай, құжаттарының жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп алған жөн. Өйткені, цифрлық бақылау ешқандай қателікке жол бермейді.
Ботакөз Әнуар






