Қазақстанда бизнес ахуалды жақсарту үшін жаңа шаралар қабылданды

379
фото:kazakh.tv

Үкімет елдегі бизнес ахуалды жақсарту үшін жаңа шаралар қабылдады. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында бизнес ахуалды жақсарту шаралары таныстырылып, бұл мақсатта жүзеге асып жатқан жұмыстар баяндалды.

Үкімет отырысыСонымен, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2019 жылы «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингісінің ТОП-25 елінің қатарына еніп, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ға дейін өсіпті. Алқалы жиында бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілгені айтылды.

Асқар Мамин барлық өңірдің кәсіпкерлерімен мәселені талқылау, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша бизнесті қолдау жөніндегі 43 қосымша шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары әзірленгенін айрықша атап өтті. Бұл сатып алуды жеңілдету және қазақстандық үлесті дамыту, ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту сияқты экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету мәселелерін қамтып, мәселелерді оңынан шешуге бағытталған, деді Үкімет басшысы.

Сөз соңында Мамин мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.

Мөлдір Бекеева