Шымкенттік полицейдің погонын жұлып, ол аздай қызметтік желеткесін жыртып тастады. Тәртіп сақшысын қорлау жәйті қаланың қақ ортасында орын алған. Көлік жүргізушісінің осылайша полиция қызметкеріне шабуылдап, анайы сөздермен ар-намысын таптауына себеп болды? Бұл азаматтың ішкі істер органына қаншалықты қатысы бар? Оқиғаның ақ-қарасын анықтауға тырыстық…
Оқиға Жібек жолы және Арғынбеков көшесінің қиылысында орын алған. «Subaru» маркалы автокөлігін тізгіндеген 41 жастағы азамат жол бойында өз қызметін атқарып жатқан жол сақшысына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Наркологиялық диспансерге бару үшін арнайы көлікке отыруын сұраған полицейге жүргізуші тарпа бас салған. Тәртіп сақшысының ар-намысына тиетін қитұрқы сөздер айтып, балағаттағаны өз алдына… погонын жұлып, сыртқы қызметтік желеткесін жыртып тастапты. Сорақысы сол — автокөлікті спирттік ішімдік ішіп басқарып, полицейді қорлады делінген жүргізуші бұған дейін ішкі істер қатарында қызмет еткен болып шықты. Осылайша экс-әріптесіне әлімжеттік көрсеткен азамат 2006 жылы өзінің берген баянатына сәйкес, қызметтен шығарылған екен.
Серік Ергешов, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары: «41 жастағы жүргізуші полиция қызметкерін өз қызметтерін атқару кезінде ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып, қорлап, погонын жұлып алған. Аталған жәйт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 378-бабының 1-бөлігі — билік өкілін қорлау бойынша тіркелді». Полиция департаментінің басшылығы қазір бұл азаматтың құқық қорғау саласына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Осы дерекке қатысты жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшысын қорлағаны үшін енді ол заң алдында жауап береді.
Мөлдір Бекеева