Шымкентте жеткіншектер арасындағы төбелес өкінішті оқиғамен аяқталды. Құрдастар арасындағы жанжал өткен аптада Маятас елді мекенінде болған. Салдарынан бір бозбала қатты жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстарының сөзінше жеткіншек басынан зақым алған. Енді олар денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрап отыр.
Ашуға булыққан бұл жандар төбелес кезінде жарақат алған Абзал Өткеровтің туыстары. Жансақтау бөлімінде жатқан олардың інісі өткен аптада сап-сау жүрген. Алайда кешқұрым далаға серуендеймін деп ауруханадан бір-ақ шықты. Туыстарының сөзінше, достарымен жүрген бозбаланы әлдебіреулер таяқтың астына алған. Салдарынан 17 жастағы Абзалдың басына зақым тиіп, ауыр жағдайда жатыр.
Алмаз Өткеров, жәбірленушінің ағасы: «Айдың күннің аманында жай жүрген баланы ұрып кету деген не деген сұмдық? Енді міне, үйден сау шыққан бауырым ауруханада ауыр халде жатыр. Кінәлілерді жазалайтын түрлері де жоқ. Сөздерінше, кәмелет жасына толмаған соң босатып жіберген. Қалай сонда, адамды ұруға болады да. Бірақ, шара қолдануға болмай ма?».
Ал, облыстың балалар ауруханасының дәрігерлері болса, Абзалды елордасына ауыстыруға қарсы. Себебі науқастың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Егер пациентті ары-бері қозғай берсе онсыз да хал үстінде жатқан жеткінштің жағдайы одан сайын асқынуы мүмкін.
Алмат Байслов, ОБУ бас дәрігер орынбасары: «Қазір науқастың жағдайы тым ауыр. Сондықтан оны Нұр-Сұлтан, не басқа қалаға апару өте қауіпті. Оны сәл мазалағанның өзі қиындық туғызады. Осыған байланысты, туыстарының сабырға келуіне сұраймыз. Өйткені, жағдайдың артын баққанымыз дұрыс».
Жеткіншектер арасындағы жанжалдың не себептен туғаны әзірге белгісіз. Бұл жайында полиция департаменті мен прокуратура да жақ ашқан жоқ. Олар сотқа дейінгі тергеудің жабық екенін алға тартады.
Айта кетейік, қақтығыс кезінде ең ауыр жарақат алған жәбірленуші аспаздықта оқыған. Спортты да жанына серік еткен ол келесі жылы әскерге баруды жоспарлаған екен.
Назерке Үкібасова