Түркістан облысы ПД бастығының бұйрығын орындау мақсатында өңір аумағында полиция қызметкерлерімен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды, экологиялық қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи ресурстарды заңсыз өндіру және браконьерлік деректерін анықтау мақсатында Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында рейдтік іс-шараларды жүзеге асырды.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде тәртіп сақшылары Келес өзенінің жағасында заңсыз қиыршық тас өндіру жайтының жолын кесті. Полиция қызметкерлері 4 жүк көлігі, 2 жүк тиегіш және экскаваторды айыптұраққа қойды. Жиналған материалдардың барлығы жағдайды анықтау үшін полиция бөліміне жіберілді.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 334-бабы «жер қойнауын өз бетімен пайдалану» бойынша тіркелді. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жыл басынан бері Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жер қойнауын өз бетімен пайдаланудың 27 жайтын анықтаған.