Дәрігерлер коронавирусқа қарсы үйде емделгенде аса сақ болуға кеңес берді

187

 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәрігер Раушан Қарабаева короновирус инфекциясын амбулаториялық деңгейде емдеудің дұрыс жолын түсіндірді.

Дәрігер, әсіресе, адам өздігінен ем қабылдағанда сақ болу керектігін ескертті. «Коронавирус инфекциясының симптомы аз немесе симптомсыз түріне шалдыққан науқастар үйде емделеді және дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Мұндай жағдайда вирусқа қарсы, антибиотикалық, тромбқа қарсы препараттардың қажеті жоқ. Ақуызға бай тағамдар мен сұйықтықты көп ішуі керек. С, Д дәрумендерін тұтынып, дене қызуы көтерілген жағдайда «Парацетамол», «Ибупрофен» сынды қызу түсіретін дәрілер ішкен дұрыс», – деді дәрігер.

Раушан Қарабаеваның айтуынша, С дәруменін көп мөлшерде ішкенде бүйрек, несеп ауруының күшейтуі мүмкін. Егер дене қызуы 38 градустан асса, бас, бұлшықет ауырып, әлсіздік байқалса, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса дәрігерге жүгініп, өкпе қабынуының алдын алу керек. Ол үшін рентген немесе компьютерлік томографияға түседі.

«Коронавирус инфекциясына қарсы ненізгі ем – вирусқа қарсы препараттар. КВИ емдеу үшін «Лопинавир», «Гидроксихлорохин», «Фавипиравир» және «Ремдесевир» сынды дәрілер тағайындалады. Алайда, аталған дәрілердің кері әсері барын да ескерген дұрыс, мәселен, жүрек пен бауырға зияны болуы мүмкін.

Сондықтан, симптомы аз және симптомсыз науқастарға бұл дәрілерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл препараттарды стационарлық жағдайда қолданылады», – деді Раушан Қарабаева.