«Күдіктіні бізге бер, өзіміз жазалаймыз»…

146

 

«Күдіктіні бізге бер, өзіміз жазалаймыз». Сәтбаевтағы 5 жасар қыздың зорланғанына ызаланған тұрғындардың талабы осыған сайды. Бүлдіршін қызға қиянат жасаған күдіктінің әрекетіне күйінген азаматтар тіпті полицейлерге де бас салыпты.

Бүгін еліміздің ішкі істер министрі елдің жағасын ұстатқан жағдайға қатысты пікір білдірді.

Күдікті ұсталғаннан кейін наразы топ полицейден оны қолдарына беруді талап еткен. Тіпті бұзақылық жасап, полицейлерге өре түрегелді. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бүгін шұғыл ел алдына шыққан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР Ішкі істер министрі: «Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда. Елдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер бар күшін жұмсайды. Әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан, жалған ақпараттарға сенбеңіздер! Және оны таратпаңыздар! Баланы қорлаған әр қылмыскердің жазалануына күш саламыз».

Елді дүрліктірген шулы орқиғаға қатысты осылай мәлімдеме жасаған бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да лезде жағдайға араласты. Facebook желісіндегі парақшасында «Мен бұл отбасыны осы іспен айналысатын ювеналды адвокатпен байланыстыруды өтіндім» деді.

«Достар! Мен Сәтбаевтағы оқиға бойынша баланың анасымен телефон арқылы сөйлесіп отырмын. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Біз әрі қарай жүргізілетін жұмыстар, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету туралы әңгімелестік. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл істі барлық бағыт бойынша жүргіземін».

Бұл оқиға енді ел Президентінің назарында. Мемлекет басшысы бүгін Түркістан облысындағы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді.

Мақпал РЫСБАЕВА