Úı ANONS Қыз қуу: Жігіт қыздан оңбай таяқ жеді

Қыз қуу: Жігіт қыздан оңбай таяқ жеді

Ұлттық ойын, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, рухани мұрасының ажырамас бөлігі. Ол жай ғана көңіл көтеру емес, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіретін тәрбие құралы. Осы мақсатта атшабарда дәстүрлі спорт түрлерінен дүбірлі дода өтті. Боз кілем мен ат үстінде атой салып жүрген саңлақтар бұл жолы да өзара мықтыны анықтады. 

Қазақ күресі, бабалардан қалған байырғы өнер, білек пен айла, намыс пен жігер тоғысқан ұлттық спорттың төресі. Бұл тек боз кілемдегі белдесу емес, ұрпақтың рухын қайрап, жігерін жанитын нағыз ерлік мектебі. Нұрислам Сарыбайдың айтуынша, балуандардың бәсекесі ұлттық болмысымызды айшықтай түседі.

НҰРИСЛАМ САРЫБАЙ, СПОРТШЫ: «Алдымызда самбо күресінен Қазақстан чемпионаты келе жатыр. Сол жақта жеңсек, шетелге барамыз деген ниестіміз бар. Әкем алып келген осы спортқа. Содан бері тоқтамай жаттығу істеп, жетістікке жету жолындамыз».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық спорт күні тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар халықты біріктіретін мәдени алаңға айналды. Әсіресе жастардың қызығушылығы артып, ұлттық ойындарға қатысушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді екен.

БАУЫРЖАН ТҰМАНБАЕВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ІС-ШАРАЛАРДЫ ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл жерде тек спортшылар ғана емес, Шымкент қаласының тұрғындары да өз еркімен қатысуға мүмкіндіктері бар.  Спорт мекемелерінің қызметкерлері де қатысып, осы сахнада өнер көрсетіп жатыр. Барлықтарыңызға наурыз меркесі құтты болсын. Ақ мол болсын».

Бұдан бөлек, қыз қуу, асық ату, аударыспақ секілді спорт түрлерінен еліміздің саңлақтары сынға түсті. Бұл ойындарда жастар тек күш сынасып қана қоймай, ептілік, жылдамдық пен тапқырлықтарын да көрсетеді. Осындай ұлттық ойындар арқылы жас ұрпақ ата-баба дәстүрін бойына сіңіріп, ұлттық рухты сезінеді. Бұл ұлттың болмысын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің жарқын көрінісі.

 Нұргүл Жолымбетова