Шымкентте әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеген қыз «жеңгетайлардың құрбанына айналғанын» айтады. Күнкөріс үшін нәпақа табамын деп үміттенген бойжеткенді әлдекімдер «боди-массаж» жасауға итермелепті.
Кейіннен денесін уқалатуға келген еркек студент қызды еркінен тыс зорлаған көрінеді. Бұл туралы әділдік іздеген жәбірленуші мен оның анасы айтып берді. Сөзінше, бүгінде жеңгетайлар да, зорлық көрсеткен ер адам да жазаға тартылмаған.
Оқиға былтыр жазда болған. 18 жастағы студент қыз инстаграмдағы жарнамасы жер жарған хабарландыруға сеніп қалған. Табыс табамын деген үмітпен хабарласқан бойжеткенді белгісіз адамдар кездесуге шақырыпты. Сол жерге барған кезде қыз ұсынылған жұмыстың шын мәнінде «боди-массаж» екенін түсінген. Алайда шақырғандар «саған ешкім тиіспейді, тек келген ер адамдардың арқасын уқаласаң болды» деп сендіріпті.
ЖӘБІРЛЕНУШІ: «Ешқандай еркек тиіспейді, тек массаж деп айтты. Менің өмірімдегі қателігім соған келіскенім. Қанша ақшадан қысылсам да, жоқ деп айтуым керек еді. Менің қолымнан сүйреп кіргізді. Шығайын десем есік алдына охраналар тұрып алған. Іштегі бала қинап, сол жерде мен оған қанша жалындым, жыладым. Вообще тыңдаған жоқ».
Жұмыс іздеп барып, зорлық көрдім деген қыздың анасы бүгінде әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Айтуынша оқиғаның барлығы «монша» деген атаумен жұмыс істейтін дәл осы ғимаратта болыпты. Ең өкініштісі — бұл орын әлі күнге дейін жабылмаған. Ішінде шын мәнінде монша қызметі көрсетіле ме, әлде басқа заңсыз әрекеттер орын алып жатыр ма — ол жағы беймәлім. Жәбірленуші тарап құзырлы органдардың осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбағанына ашулы.
ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ: «Шымкентте бұндай нәрсе тоқтайды ма, тоқтамайды ма? Ертең менің қызымды аузына, басына қап кигізіп, шетел асырып, барып көміп тастап, өлтіріп кетсе мен не істеймін, айтыңыздаршы?! Онсызда осы күнге дейін өлтіріп кетеміз, осы істі өткізбей қоймаймыз. Бармайды, істі тоқтатасыз деді заң деген нарсе бар ма бізде? Айтыңыздаршы»
Шымкент полициясы бұл істің «зорлау» бабы бойынша тергеліп жатқанын айтты. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады екен.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«ҚК-тің 120 бабы 1 бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аталған іс бойынша сот психолого-криминалистикалық сараптамасы және жәбірленуші қызға тиесілі ұялы телефонға криминалистикалық зерттеу тағайындалды. Сараптама қорытындылары алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады».
Жәбірленуші тарап қызды зорлаған адам да, оны осы әрекетке тартты дегендер де заң алдында жазасын алсын деп отыр. Сондай ақ, құзырлы органдардан істі созбалаңға салмай, тез арада сотқа жолдауды талап етеді.
Лаура Бабас






