Шымкентте 2 жасар қыз 24 метрлік құдыққа құлап кетті. Бұл туралы ақпарат күні кеше әлеуметтік желіде жарияланды. Дәрігерлер баланың жағдайы қалыпты екенін айтады. Сонымен бүлдіршінді құтқарушылар қалай аман алып шықты?
Шымкентте құдыққа құлап кеткен 2 жасар қызды дәрігерлер үйіне қайтарды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы қанағаттанарлық. Аяқ-қолынан жеңіл жарақат алған. Тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауына берілген.
«Балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қажетті тексерулерден өтті. Жағдайы қанағаттанарлық. Тіркелген емханасы бойынша амбулаторлық емге жіберіліп, үйіне қайтарылды»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ
Кеше ойын баласының абайсызда құдыққа құлап кеткені хабарланған еді. Оқиға Қаратау ауданындағы Құдайбергенов көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Әбүйір болғанда баланы жақындары баланың құлап кеткенін дер кезінде байқап қалған.
Оқиға орнына құтқарушылар, полиция мен жедел жәрдем қызметі дер кезінде жеткен.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, құдықтың тереңдігі шамамен 24 метр екені анықталған. Мамандар баланың зардап шекпеуі үшін бар күшін салған.
«Құтқарушылар альпинистік жабдықтарды пайдаланып, құдыққа түсіп, баланы абайлап жер бетіне шығарды. Қыз бала әрі қарай тексеру үшін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Мамандар қайғылы жағдайды болдырмау үшін ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.
Дилара Иса






