Карантин шектеулеріне қарамастан той тойлау тыйылар емес. Үйлену, қыз ұзату, туған күн тойлау, ұшы-қиыры жоқ думандар…

«Мұндай даңғазалықтар әсіресе Алматы қаласында, Түркістан мен Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында жиі орын алып жатыр»,- дейді еліміздің бас санитар дәрігері. Мереке ұйымдастырушылары айыппұлға тартылған.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: «Әрине, өкінішті жағдай, бірақ мұндай фактілер әлі де тіркеліп жатыр. Әдеттегідей, бірнеше өңірден жиналған қонақтар қауіпті инфекцияны өз үйлеріне алып барады».

5 шілдеден бастап елімізде құрылған 700-ге жуық мониторингтік топ күні бүгінге дейін карантин жағдайында жұмыс істеп жатқан 25 мыңнан астам нысанды тексеріп шыққан. Рейд кезінде талаптарды бұзған 400-ден астам лауазымды тұлға 65 млн. теңге, жеке тұлғалар 20 млн. астам теңге айыппұлға тартылған.

Бұл ретте алматылықтар мен түркістандықтар алдына жан салмапты. Ал шымкенттіктер заңсыз дәрі-дәрмектер сатуда өзгелерге дес бермей келеді екен.

Алексей КАЛАЙЧИ, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары: «Алынған өнімнің ең көп саны Шымкент, Алматы, Нұр-сұлтан, Атырау және Жамбыл облыстарына тиесілі. Анықталған бұзушылықтар туралы барлық материалдар бір тәулік ішінде ведомстволық бағыныстылығы бойынша Санитарлық эпидемиялық қадағалау және денсаулық сақтау органдарына заңда белгіленген жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі. Тексеру барысында алынған медициналық препараттар пациенттерді емдеуде одан әрі пайдалану үшін денсаулық сақтау органдарына беріледі».

Айта кетейік, қазір пневмония жұқтырған 45 мың қазақстандық ауруханада жатыр. Елімізде жыл басынан бері 234 мыңнан астам адам пневмонияның әртүрлі түрімен ауырған.

Айжан Есмағамбетова 23 шілдедегі жағдай бойынша, 76 794 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын айтты. Оның ішінде, 48 202 адам, яғни, науқастардың 53 пайызы аурудан айыққан.

Мақпал Рысбаева