Қазақстанда ақыры жасанды тыныс алу аппараты шығарылатын болды

291

Ел азаматтары сабыла іздеген тыныс алу аппараттары ақыры Қазақстанда да шығарылады. Осылай деген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жұмысқа кірісіпті.

Сөздерінше, жыл соңына дейін елімізде 3000 құрылғы өндіріледі. Ал, әзірге ағымдағы айда 50 данасын шығаруды көздеп отыр.

Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: «Қазіргі кезде сынақ үшін Түркия мен Қытайдан аппараттар алынған. Егер сынақтан өтсе, құрастыру жұмыстары басталады. Біріншісі денсаулық сақтау министрілігіне кеше берілген болатын. Екіншісі бүгін тапсырылады. Аталған елдермен келісімшарт жасалып қойды».

Осылай деген Аманияз Ержанов еліміз антибиотик шығаруға асықпайтынын айтады. Себебі бюджеттің қаржысы оған толық жетпейді. Есесіне, медициналық бетперде мен қорғаныс қолғабы аз болмайды деп сендіреді. Сөздерінше, Қазақстанда тәулігіне 1 млн. медициналық маска мен 400 мың дана қорғаныс қолғабы өндірілуде.

Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: «10 шілдедегі қорытынды бойынша әр түрлі бетперденің 706 мың данасы шығарылған. Оның 506 мыңы медициналық болса, 2 мыңы тігін шеберханасында өндірілген. Қазіргі сәтте қоймада 4 млн. 907 мың бетперде бар».

Айта кетейік, еліміз бойынша бүгінде медициналық құралдарды шығаратын 89 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 39 дәрілерді шығарса, 41 медициналық бұйымдарды, 15 медициналық техникаларды өндіреді.

Назерке Үкібасова