Шымкенттік оқушылар жол апатының алдын алуға арналған ерекше құрылғы жасап шығарды. Бұл аппарат көлікке орнатылып, жүргізушінің ұйықтап кетуіне жол бермейді. Яғни, автокөлік тізгініндегі адам жолда қалғып кетіп, көзін жұмса, арнайы жүйе дыбыс шығарып, оны оятады. Жаңа техниканың қалай жұмыс істейтінін әріптесім Лаура Бабас айтып береді.
«Адам ұйқыға кеткен кезде біздің құрылғымыз жұмыс істеуді бастайды».
«SleepBlocker» деп аталатын бұл құрылғы жүргізушіні үнемі қадағалап отырады. Ол көздің жыпылықтау жиілігі мен бастың қалпын бақылап, шаршау мен ұйқышылдықтың алғашқы белгілерін анықтайды. Қауіп төнген сәтте жүйе дыбыс сигналын жіберіп, апаттың алдын алады.
Әлихан Әкім, өнертапқыш: «Біздің команданың бір мүшесінде, айтпай ақ қояйын кімде, оның отбасы мүшесінде қайғалы жағдай болды. Ол қала арасында жүріп жатқан кезде апатқа түскен болатын. Яғни, біз оны түсіндік. Мәселені шешумен айналыстық. Тест жүргіздік. Былай айтқанда біз өзімізде болған мәселені шешіп, бүкіл адамда болып жатқан мәселенің шешімін таптық»
Бастапқыда аппарат көзілдірік түрінде жасалған. Алайда сынақ кезінде оның жүргізушілерге қолайсыз екені анықталыпты. Сол себепті жас өнертапқыштар құрылғыны түрлендіруге бел буған.
Дәулет Ернар, өнертапқыш: «Біз сауал өткізгенде бұл көзілдіріктің көбіне адамдарға ыңғайсыз екенін және кейбір көзілдірік киетін адамдарға үстінен тағы көзілдірік кию өте ыңғайсыз екенін түсіндік. Сондықтан біз бұның екінші протатипін ойлап таптық. Осы екінші протатипін қыркүйекте ойлап таптық десекте болады. Содан бері бұл проектті әртүрлі жарыстарға бердік»
Жақында бұл құрылғы шетелдік жарыстарға жол тартты. Жобаның өзектілігі мен жаңашылдығын америкалық ғалымдар да жоғары бағалапты. Оқушылардың айтуынша, әлемде дәл осындай құрылғы әзірге жоқ. Дегенмен, ірі компаниялар бұл мәселені шешу үшін тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Әлихан Әкім, өнертапқыш: «Осы проблемамен үлкен компаниялар айналысқан. Мята, тесла. Мысалы теслада өздерінің камералары бар. Бірақ сіздерде тесла болмаса, ол мәселені шеше алмаймыз дегенді білдірмейді ғой. Біз тіпті тесласы жоқ адамдарға да осы мәселені шешуге мүмкіндік беріп тұрмыз».
Құрылғыны Алихан, Ернар және Дінмұхамед атты жас өнертапқыштар ойлап тапқан. Олар — Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. Жас таланттардың әлемдік деңгейдегі бірегей аппаратты жасауына білім ордасындағы сапалы оқыту жүйесі де үлкен әсер еткен.
Нұржігіт Ботабеков, мектеп директорының орынбасары: «Мектепте көптеген құрал-жаблдықтар қолданысқа енгізілген. Мысалға 3д принтерлер бар, комп жабдықтар бар, әртүрлі датчиктер оның барлығы оқушыларға мүмкіндік ашады. Біз өте қуаныштымыз оқушыларымыздың алған білімдерін көрсете білгендігіне. Болашақта өздеріне және елге пайда келтіретін құрылғы ойлап тауып жатқанына»
Арнайы құрылғыны сынап көрген алғашқы адамдардың бірі — Қайнар Қылышбекұлы болды. 43 жастағы тәжірибелі жүргізуші жаңа технологияның қаншалықты пайдалы екенін атап өтіп, сатылымға шықса, оны бірден алуға дайын екенін де жеткізді.
Қайнар Қылышбекұлы, жүргізуші: «Шынымен пайдасы бар, өте керекті дүние. Әсіресе, түнгі уақытта ұзақ жолда ұйқы тартпайы емес, тартады. Ұйқы қысады. Сондай кездерде керек дүние ғой. Негізі пайдалансақ өте жақсы»
Құрылғыны ойлап тапқан жас өнертапқыштар қазір оны қаржыландыруды күтіп отыр. Себебі аппаратқа қажет материалдардың бәрін шетелден алдыруға тура келеді. Егер стартапқа қызығатын инвесторлар табылса, олар құрылғыны сатылымға шығаруға дайын.
Лаура Бабас






