Садақа жәшіктерін ұрлаған күдікті ұсталды

245

Түркістан облысы полицейлері садақа жәшіктері мен ұялы телефон ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады. Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары дүкен мен шеберханада жасалған бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысына қатысы бар жергілікті тұрғынды «ізін суытпай» ұстады.

Нысандардың кіру есігін бұзу арқылы кірген күдікті бір түн ішінде дүкендерден ұялы телефондар мен садақа жәшіктеріндегі ақшаны ұрлап кеткен. Тергеу барысында күдіктінің мас күйінде, қолда бар құралдардың көмегімен түнде дүкеннің кіреберіс есігін ашып, 230 мың теңгеден астам тұратын 7 ұялы телефонды жымқырғаны анықталды. Одан кейін жас жігіт тағы бір дүкен мен телефон жөндеу шеберханасын тонап, қайырымдылыққа арналған жәшіктерден 25 мың теңге ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Мақтаарал АПБ-ның полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бір тәулік ішінде күдіктіні құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Ол бұрын сотталған және бірнеше рет әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты.

Ұрланған заттарды сатып, ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Мақпал РЫСБАЕВА