Шымкент ауруханалары жасанды тыныс алу аппараттарымен толықты. Бұл жолы өкпені желдету құрылғысын қала ауруханасына «BI» групп компаниясы тарту етті. Екі құрылғы да германиялық өнім. Дәрігерлер сөзінше бұл сын сағатындағы таптырмас сыйлық. Осылай деген ақ халаттылар қаладағы өлім көрсеткішінің әлі де азаймағанын айтады.

 


Шымкенттегі ауруханаларға демеушілер өкпені желдету аппаратын тарту етті. Соңғы кездері тапшылыққа айналған құрылғыны «ВІ груп» теміржол вокзалы ауруханасы мен кардио орталыққа тапсырды. Айта кетейік, қос ауруханада да вирус жұқтырған ауыр жағдайдағы науқстар емделіп жатыр.

Сәрсен Пернебеков, қалалық №2 аурухананың бас дәрігері: «Қаладағы ең ауыр пневмония түрлерін біздің ауруханаға әкеледі. 10-15 күннің ішінде денсаулық сақтау басқармасы қосымша 6 жасанды өкпе желдеткішін берді. Бүгін мынау жетіншісі. Осы аппаратпен біз қаншама адамның өмірін сақтап қалуымызға болады».


Демеушілер әкелген германиялық аппарат құны арзан емес. Бұған дейін компания бұл құрылғыны Түркістан облысы мен қаладағы провизорлық орталыққа сыйлаған. Кардиоорталық директоры Ермағамбет Қуатбековтың айтуынша дәрігерлерге бұдан артық сыйлық жоқ. Айта кетейік, оның басшылығындағы орталықта қазіргі таңда 32 науқас ауыр жағдайда жатыр.


Ермағамбет Қуатбаев, қалалық кардиологиялық орталық директоры: «Қазіргі кезеңде науқастарды емдеу үшін медицина саласындағы адамдар емес, оған қосымша талай-талай меценаттар өздерінің үлесін қосып жатыр. Соның арасында бүгінгі бізге  қосымша «BI групп» осындай өте қажетті құралды сыйға тартып отыр. Осы құралдың арқасында талай науқасқа көмек қажет».

Еске салайық, компанияның мұрындық болуымен елімізде 3 провизорлық орталық бой көтерген еді. Солардың бірі Шымкент қаласында. «Асар» шағынауданында пайдалануға берілген емдеу кешені 200 орындық болатын.


Тимур Рысбаев, «BI групп» компаниясының өкілі: «Пандемия басталғалы біз қайырымдылық жасап келеміз. Дәл қазіргі сәтте жасанды тыныс алу аппаратын екінші қалалық аурухана мен кардиоорталыққа сыйладық. Қосымша бұған дейін бесеуін «Асардағы» орталыққа сыйлағанбыз».


Дәрігерлер соңғы кездері жеңіл жағдайдағы науқастардың әлдеқайда азайғанын айтады. Алайда, ауыр науқастардың қарасы сиремей тұр екен. Себебі, азаматтар өз бетінше емделіп, соңы індеттің асқынуымен аяқталған.

Назерке Үкібасова