Шымкентте оттегі өндіретін кәсіпорын жұма күні іске қосылады

345

Ауыр халде жатқан науқастардың тыныс алуына қажетті оттегі енді Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде өндіріледі.

Қауіпті  1-ші санаттағы өндіріс орындарының қатарына жатқызылатын кәсіпорында  мамандар тапшы. Бұл қиындықтарға қарамастан  өндіріс орнында тәулігіне 1000-нан астам баллонды оттегімен толтыру жоспарланып отыр.

Шымкентте коронавирус індеті мен пневмонияға шалдыққан науқастарға қажетті оттегі осы кәсіпорында өндіріледі. Соңғы екі аптада кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың қызметі тексеріліп, өндірісті іске қосу жұмысына дайындық жүргізілген. Оттегі кәдімгі біз демалатын ауадан өндіріледі,- дейді мекеме басшысы Бек Исахов. Басшының айтуынша кәсіпорын осы  жұмада іске қосылмақ.

Айта кететін жәйт, 2006 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын оттегіге деген сұраныс төмендеп кеткендіктен былтыр жабылған. Жандандыруға қаладағы эпидемиологиялық жағдай себеп болыпты. Кәсіпорынды қайта қалпына келтіруге жергілікті кәсіпкер Балтабай Асан ат салысқан.

Қалталы азамат қауіпті індетті жұқтырғандарға қолдау көрсету мақсатында «Самал-3» шағынауданында провизорлық орталық ашып қана қоймай, бүгінгі таңда ондағы науқастарды қажетті дәрі-дәрмек және оттегімен қамтамасыз етіп келеді.

Балтабай Асан, кәсіпкер

Оттегі баллонының бір данасы орта есеппен 65-70 мың теңге аралығында тұрады. Өндірісте сұйық оттегін дайындауға да мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қоймада 900 баллон сақталған. Апта соңында кәсіпорын жұмысын бастап, дайын өнім шаһардағы медициналық мекемелерге жөнелтіледі.

Алайда қиындықтар да жоқ емес. Қауіпті санаттағы кәсіпорында сала мамандары жетіспейді. Кеңес Одағы дәуірінде ірі кәсіпорындарға арнайы мамандар даяраланатын еді. Сол кезде оттегі өндіретін кәсіпорындардың саны 15-ке жеткен екен. Қазір олардың саны 3-4 қана дейді оттегі шығаратын кәсіпорын басшысы Бек Исахов.

Шынар Оразова