Шымкентте қымыз саудасы қызып тұр…

593

Шымкентте қымыз саудасы қызып тұр. Бұған дейін де сұраныстан кенде болмаған ұлттық сусынға қазіргі пандемия кезінде сатып алушылар еселеніп кеткен. Мұны бие сүтін кәсіпке айналдырғандар да мойындап отыр.

Сөздерінше, соңғы күндері саумалды сұраушылар көбейген. Осыған байланысты оның бағасы да артыпты. Бұған дейін литрі 600-700 теңгеге саудалаған қымыз қазір 1000 теңгеге бір-ақ жеткен. Кәсіп иелері бағаның артуын сұраныстың көбеюімен байланыстырады.

Осылай деген қымыз саудагерлерінің жұмысы қазір қызып тұр. Сөздерінше ел емді ұлттық сусыннан іздей бастаған. Және ол бекер емес. Нәтиже бар. Індеттің емін әлем болып таппай жүргенде қандастарымыз қымыз ұрттап айыққандарын айтуда. Осыдан болса керек, қазір Шымкенттегі қымызханалардың алды кезекке толы.


Патшагүл Айдарқұлова, жеке кәсіпкер: «Барлығы жақсы болып емделіп, жақсы болып кетіп жатыр. Әсіресе осы ауруға жақсы екен. Емдейді адамды. Бронханы емдейді. Осы кеп жатқан ауруды жақсы емдеп жатыр. Өз басым мұздайлықтан ауырып қалдым. Соны осы алып шықты. Бір стақандап іштім. Содан жақсы болып кеттім».


Ұлттық тағамды кәсіпке айналдырғандардың бірі – Айтбаевтар отбасы. Сөздерінше соңғы күндері бие сүті қалмайтын болған. Жұрт саумалы үшін таңғы 7-ден бастап келеді. Бірі індет жұқтырған жақынына деп, енді бірі вирустың алдын алу үшін қымыз алады. Осыған байланысты баға да құбылған.


Шоқан Айтбаев, жеке кәсіпкер: «Бұрынғымен салыстырғанда көп кетіп жатыр. Түске шейін болып жатыр. Түстен кейін тіптен қалмайды да. Адамдарға жетсін деп бәріне 1,5   литрден құйып беріп жатырмыз. Баға өзгергенде барлық жерде мың теңгеден сатып жатыр. Бізде сәл екі жүз теңге арзан жұрттардікінен. 800 теңгеден сатып жатырмыз. Базарға қарап жұмыс істейміз біз де. Еңбегіміз бар. Жұмысшыларымыз бар. Сауыншыларымыз бар».


Бірақ, жұрт бағаның құбылғанына сабырмен қарайды. Бастысы деніміз сау болсын деген тұрғындар ұлттық сусыннан асар ем жоқ дейді. Сондықтан да бірі шұбатты, енді бірі қымыз алуға келген.

Қымыз ішуге дәрігерлер де кеңес береді. Елімізге ғана емес, емдеу әдісі шетел асқан шымкенттік дәрігер Айна Бакеева да пандемия кезінде дертті жеңуге қымыздың берері мол дейді.

Айна Бакеева,  дәрігер-реаниматолог: «Қымыз, саумалы өте пайдалы осындай кезде. Алдын алу үшін суды көп ішу керек. Етті жеу керек. Нағыз қазақтар ретінде. Бірақ, құйрық май жеуге асықпаңыз. Бауырға көп салмақ түседі».

Айта кетейік, көптеген дертке шипа саналатын ұлттық сусынның бағасы қазір Шымкентте 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін көтерілген.

Назерке Үкібасова