Тазалық жұмысы үшін — 500 теңге

398

Өткір респираторлық жұқпалы вирусты инфекция мен пневмонияның, сонымен қатар коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында елімізде екі аптаға карантин жарияланды. Алайда коммуналдық мекемелер жұмысын жалғастырады.

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін жуып-тазалау қызметі жексенбі күннен басқа күндері үздіксіз жұмыс жасауда. Осы аптадан бастап арнайы бригада Шымкенттегі Нұрсәт шағынауданындағы №196 үйдің 5-ші подъезін тазалайды.

Жұман Қанатұлы, тұрғын: «Чат арқылы тұрғындармен келісіп, 500 теңгеден жинадық аптасына бір рет айына төрт рет жинап кетеді. Таза болғаны жақсы ғой».

Тазалық шарасын жүргізіп жатқан бригада карантин кезінде үйде отырған тұрғындар еңбегімізді бағалап, тазалықты сақтаса екен деген өтініштерін білдірді.
Ольга Середа, коммуналдық мекеме қызметкері: «Тұрғындардан сұранатынымыз, бізді құрметтесе екен. Коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Біз де індеттің таралуына қарамастан күнделікті жұмысымызды атқарып келеміз. Бір жетіде келсек, подъездер ластанып, балмұздақтың қағаздары, темекінің қалдығы, біреулер болса түкіріп те кетеді. Біздің де балаларымыз бар. Біз өз денсаулығымыз үшін алаңдаймыз. Сондықтан да түсіністік танытып, қоқысты, бетперделерді ауладағы жәшіктерге тастап, бізге қолдау көрсетсеңіздер».

7 жыл бойы халыққа қызмет көрсетіп келген мекемедегі үш бригада «Нұрсәт» шағынауданынан бөлек, шаһар аумағындағы көпқабатты үйлердің подъездерін тазалайды. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері салық төлеуді тоқтатпаған коммуналшылар қызмет ақысын көтермейді, бір айға 500 теңге болып қала бермек дейді. Бастысы, тұрғындар төлемді айма-ай төлеп, сонымен қатар еткен еңбегімізді еш етпесе екен деп отыр.

Шынар Оразова