Көпқабатты тұрғын үйді жаңарту қалай жүргізіледі және оның құны қанша? Бұл сауалға Жібек жолы көшесіндегі №34 үйдің тұрғындары нақты жауап алды. Қазіргі уақытта аталған мекенжайдағы көпқабатты үйде шатырды қайта жөндеу және кіреберістерді жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бес қабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары сәуір айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Модернизация жүргізу үшін қажетті рәсімдер мен талаптарды тілшіміз анықтап көрді.
Заманауи дизайн, жаңа қалқа мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жол — Жібек жолы көшесіндегі №34 үйдің кіреберісі көп жылдан бері күрделі жөндеуді қажет ететін. Қазір мұнда құрылыс бригадасы жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың ортақ шешімімен тек баспалдақ алаңдарын жаңарту ғана емес, шатырды ауыстыру және инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары да қолға алынған.
ӘБДІБАЙ ТОҚСЫМБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС БРИГАДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Бұл тұрғындардың өтінімі негізінде, «Тұрғын үй» мекемесі мен әкімдік бірлесіп қолға алған жоба. Қазір шатыр жұмыстары аяқталуға жақын, бір апта ішінде жабылады. Ал кіреберіс пен шатыр өзге де жұмыстары тағы екі–үш аптаға созылады».
Бес қабатты үйдің кіреберісінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұхая Мерахимова екі жыл бұрын осы үйден пәтер сатып алған. Ол сол кездің өзінде үйдің жағдайы көңіл көншітпейтін еді дейді. Тұрғындар кемшіліктерді түзету үшін қаражат жинамақ болған, бірақ бастапқыда көршілер чатында тек дауласумен шектелген. Дегенмен, соңында тұрғындар бәріне қолайлы ортақ шешімге келіпті.
МҰХАЯ МЕРАХИМОВА, ТҰРҒЫН: «Бұрын кіреберісте жауын-шашыннан қорғайтын шатыр болмады, терезелер мен қабырғалар ескі еді. Қазір бәрі ауыстырылып, үйіміз әдемі болып қалды. Бізде үш бөлмелі пәтер. Бізге ай сайын 12 мың теңгеден төлеу керегін айтты, біз келістік. Себебі бұл – біздің болашағымыз, балаларымыз бен немерелеріміз үшін. Олар осы үйде өмір сүретін болады».
Үйді жаңғыртуға өтінім беру үшін алдымен барлық тұрғындардың жалпы жиналысын өткізу керек. Жобаны жүзеге асыру үшін пәтер иелерінің кемінде 51%-ының қолдауы тиісті. Жиналыс хаттамасы толтырылып, оған сметалық құжаттар қосылады. Мердігер ұйым өкілдері бұл талап бағдарламаның міндетті кезеңі екенін түсіндіреді.
ОЛЖАС БАЗАРБЕКОВ, «ТҰРҒЫН ҮЙ–ШЫМКЕНТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жібек жолы көшесіндегі №34 үйдегі жөндеу жұмыстары желтоқсан айының басында басталды. Оларға 82 миллион теңге бөлінді. Ауа райының қолайсыздығы біз үшін кедергі болмайды және жоғарғы қабаттағы тұрғындарға еш зиян келтірмейді».
Жібек жолы көшесіндегі №34 үйде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын арнайы құрылған комиссия апта сайын бақылап отырады. Мердігер ұйым атқарылған жұмыстарға кепілдік бееді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында толық аяқталады деп күтілуде.
Ботакөз Әнуар






