Үстеме бағамен дәрі сатудың 20-ға жуық жайты анықталды

412

 

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс көлемінде карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, сұранысқа ие болған дәрілерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен тұрғындарды анықтау мақсатында рейдтер жалғасуда.

Іс шара барысында тәртіп сақшылары 5-шілдеден бастап 19 заңсыз жайтты анықтап тіркеді, оның ішінде: Белгіленбеген орында дәрі-дәрмек сату- 4 жайт болса, дәріханада қымбат бағамен дәрі-дәрмек сатудың -15 жайты анықталды. ӘҚБтК-мен 2 жайтқа хаттама толтырылды. ТО бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігіне бақылау комитетіне 17 жайт жолданды.

Облыс көлемінде тіркелген 19 жайтқа байланысты айғақты зат ретінде: 1500-ге жуық дәрі-дәрмектер, 4982 –дана бетперде, 10-дана қолғап алынды.

Атап айтқанда, Жетісай қаласы Ынтымақ ауылы, Көрікті көшесі бойында орналасқан «Мерей» дәріхана сатушысы 10-дана «медициналық бетперде» бағасы 100 теңгеден /бекітілген баға 60-теңге/, 5-дана «аскорбин қышқылы» 200 теңгеден /бекітілген баға 60-теңге/, 2-дана «Ринза» 600-теңгеден /бекітілген баға 500-теңге/, «Нимесил» 4300 теңгеден /бекітілген баға 3300/, 2-дана «цитромон у» 200-теңгеден /бекітілген баға 60-теңге/, 5-ампула «новокайн» бағасы 50-теңгеден /бекітілген баға 40-теңге/, 5-дана «Цефриаксон» бағасы 500 теңгеден /бекітілген баға 300 теңге/ сату барысында ұсталды.

Аталған дерек Жетісай АПБ-нің тіркеліп, заңдылығын тексеру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігіне бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасына жолданды.

Одан бөлек, Зерделі елді-мекені Түркебай көшесіндегі тұрғынның есік алдында орналасқан азық-түлік дүкенінде заңсыз дәрі-дәрмек препараттарын сату жайты анықталды. Полицейлер жедел-іздестіру шарасы барысында айғақтық зат ретінде «Нол Грипп», «Кетанов», «Тетрациклин», «Платимазол», «Димидрол», «Мезим», «Тайлол хот» және т.б дәрі-дәрмектерді алды.

Ал, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылының орталық көшесінің бойында орналасқан дәріхананың сатушысы «азитромицин» 500 мг, «аспирин» «парацетомол» «ксон» дәрісі «долана тұндырмасы» дәрісі «мезим форте» дәрілерін қымбат бағамен сату барысында ұсталды.

Дәріхана сатушысы өз түсініктемесінде жеке басының пайдасы үшін аталған дәрілерге үстеме ақша қосып сатқанын жеткізді. Бұл жайт Төлеби АПБ-не тіркеліп, заңдылығын тексеру үшін тиісті басқармаға жолданды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы полицейлері тарапынан өз жалғасын таппақ. Алдағы уақытта қандай да бір дәрі сатудағы заңсыздықты көрсеңіз, тез арада полицияның «102» нөмеріне хабар беріңіздер.