Қазақстанда ет ең қымбат өнімнің біріне айналды. Тіпті, біздегі баға Еуропа мен Таяу Шығыстың кейбір елдерінен де жоғары. Мамандар мұны тек тапшылықпен емес, саладағы жүйелі проблемалармен түсіндіреді. Мәселен қазір, шаруалардың пайдасы азайып, жайылым мен жем-шөп бағасы жығылғанға жұдырық болып тұр. Қымбатшылықты ауыздықтау мүмкін бе?
Global Product Price мәліметінше, Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша 76 елдің ішінде 42-орында тұр. Бізде еттің келісі 7 мың теңгеден асады, бұл тіпті АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінен қымбат. Сарапшылар мұны мал шаруашылығы пайдасының төмендеуімен түсіндіреді. Яғни, сатып алу бағасы арзан болған соң фермерлер кәсібін тоқтатып, нарықта өнім тапшылығы туындаған. Өндірісті арттыруға жайылым жерлердің нақты картасының жоқтығы мен экспорттың шектелуі кедергі болып отыр.
МАҚСҰТ БАҚТЫБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЕТ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Біздегі қызыл ет өндіру мүмкіндігі көршілес елдердің бәрін асырауға жетеді. Сондықтан біз, ең алдымен, экспортқа бағыт алуымыз керек. Қарапайым халықтың логикасына қиындау көрінгенімен, дәл осы экспорт бағаны түсіреді. Неге? Өйткені, егер сіз сыртқа өнім шығарсаңыз, демек, сіз бәсекеге қабілеттісіз. Яғни, еттің өзіндік құнын (шығынын) төмендетіп, өнімді көп мөлшерде өндірдіңіз деген сөз. Ондай жағдайда ет ішкі нарықта да арзан болады»
Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша, ет шетелге астыртын, яғни заңды айналып өту жолдарымен кетіп жатыр. Оны құжат жүзінде қой еті немесе тіпті көкөніс ретінде көрсетіп, жасырын өткізетіндер бар.
КИРИЛЛ ПАВЛОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Мәселен, 10 тонна сиыр етін шекарадан өткізу үшін, оны құжатта мүлдем көрсетпейді. Оның орнына «10 тонна қой еті» деп жазып, бағасын әдейі тым төмен етіп көрсетеді. Мұндай контрабандалық, яғни жасырын тасымалдың бәрі еттің кедендік құнын төмендетіп жібереді. Тіпті, сиыр етін «картоп» деп өткізетіндер де бар. Мұның бәрі нарықтағы жағдайды бұрмалап көрсетеді. Ал дұрыс шешім қабылдау үшін бізде алдымен шынайы ақпарат пен нақты көрініс болуы керек»
Сарапшылардың айтуынша, мал азығы да айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, бидайдың келісі 80 теңге болса, одан алынатын кебек бір жарым есе қымбат сатылып жатыр. Ал қысқы мезгілде ірі қара мал үшін негізгі қорек — дәл осы кебек екені белгілі.
КИРИЛЛ ПАВЛОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Біз арзан жемді Қытайға жаппай сатып, солардың етін арзандатып жатырмыз. Ал өзіміздің ауылдағы ағайынның малға арзан кебек сатып алуға шамасы жетпейді. Енді билік фермерлерден етті арзан бағамен өткізуді талап етіп отыр. Бірақ сол етті өндіруге кеткен шығынды (өзіндік құнды) ешкім есепке алмайды».
Түйінді мәселені шешудің тағы бір жолы — делдалдардың, яғни алып-сатарлардың қызметінен бас тарту. Мамандардың пікірінше, егер фермерлер өнімін тікелей халыққа сататын жәрмеңкелер көбейсе, баға біршама төмендейді. Бұл ретте ет үстіне қосылатын артық үстемеақы жойылып, тұтынушы өнімді тікелей жеткізушінің өз бағасымен сатып алуға мүмкіндік алады.
Ботакөз Әнуар






