Жедел жәрдем қызмет көрсетуден бас тартса азаматтар қайда жүгіне алады? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінен жауап берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

««Дәл қазір және дәл осы жерде» қағидаты бойынша мәселелерді жедел шешу үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 1406 байланыс орталығы құрылған. Осы нөмірге хабарласқан адам ем-дом бойынша кеңес немесе медициналық көмек ала алады. Шағымды да осы нөмірге қалдыруға болады», – деді министрліктен.

1406 байланыс орталығы 24/7/365 режимінде жұмыс жасайды. Сонымен бірге Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасын іске қосқан. Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жедел жәрдем қызметкерлері шақырту түскен жағдайда жағымсыз жағдайлармен жиі кездесіп жатқанын, жалпы ол қызметтегі мамандардың жұмысына түсіністікпен қарауға шақырған еді.