Шымкентке Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов іссапармен келіп, шақыру комиссиясының мүшелерімен өткен кеңеске қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаевтың төрағалығымен өткен жиынға жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамы, полиция департаментінің басшылығы, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық даму, жұмылдыру басқармаларының өкілдері, сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиын барысында 2026 жылғы көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу, шақыру пункттерінде бірыңғай тәсілдер мен талаптарды қалыптастыру, шақыру комиссияларының жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар әскерге шақыру науқаны кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру бағыттары, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру және сапалы жүзеге асыру аясында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Жастармен тәрбиелік жұмысты мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары қалалық жинау пунктінің материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейін және көктемгі шақыру науқанына дайындығын тексерді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлығын орындау аясында барлық мемлекеттік органдарды өзара тығыз іс-қимыл мен бірлескен жауапкершілікке шақырды.
Айта кетсек, 2025 жылы Шымкенттен Қарулы күштер мен өзге де әскерлер және әскери құралымдарды жасақтау жоспарына сәйкес 2 500-ге жуық жас сарбазбен толықты. Ал 2026 жылы шамамен 2 500 азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.
Әскери қызметке шақырылған азаматтар 14 ай мерзімге несиелік демалыс алу мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, белгіленген борышын өтеген әскери қызметшілерге азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта үздік нәтижелер көрсеткендерге білім беру гранттары беріледі.
Шақыру қағаздары әскерге шақырылушыларға тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша табысталады, сондай-ақ 1414 сервисі арқылы SMS-хабарлама түрінде жолданады. Әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату жергілікті атқарушы органдар арқылы не электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделеді.
Бұл үдеріс толық автоматтандырылған: Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне студенттер туралы мәліметтер тікелей Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерекқорларынан беріледі. Шетелде білім алып жатқан азаматтар да электрондық үкімет порталы арқылы студент ретінде тіркеле алады..







