Жер, мүлік салығын төледіңіз бе?

248

Қаладағы төрт аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары жұмысын каратин режимінде де қызу жалғастыруда. Қызметкерлердің басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Салық төлемдерін тұрғындар басқармаға келмей-ақ түрлі төлем жүйелері арқылы төлей алады.

Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының алдында кезекте тұрғандардың бірі көлік салығын төлеуде туындаған мәселесімен келсе, Юрий Еремин мүлік салығына қатысты сұрақтарына жауап алмақ ниетте.

Юрий Еремин, тұрғын: «Маған түбіртек келді, Қарасу көшесіндегі мекенжай бойынша мүлік салығын төлеңдер деп. Мен Әл-Фараби ауданында тұрамын. Ол мекенжайға еш қатысым жоқ. Мүлік салығы есесіне өсіммен келіпті. Қайда барып ол үйге қатысым жоғын дәлелдеймін. Сондықтан Еңбекші ауданына келіп тұрмын».

Мүліктің иесін анықтау бойынша жауапты маман жылжымайтын мүлік орталығына сұраныс хатын жіберетін болды. Анықтама келген бойда, базаға түзету енгізеді.

Еңбекші ауданының аумағы 20,5 мың гектарды құрайды. Халық саны 301 мыңнан асады. Мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша олардың 236-сы жеке тұлға ретінде жер, мүлік салығын төлейді.
Нұрсұлтан Асқарбек, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Салықтан жоспар 120 пайызға орындалды. 177 млн. теңге жалпы жер салығы жиналды. Ал мүлік салығы бойынша 77 млн. теңге бюджетке түскен. Жоспар 100 пайызға орындалды. Төлемдерді ұялы телефондағы мобильді қосымшалар арқылы төлеуге де болады».

Салық төлеушілер 2019 жылға жер мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеуі тиіс деп ескерткен сала мамандары берешегі бар азаматтарды міндетті төлемдер бойынша есеп айырысуға шақырады.

Айта кететін жәйт, көлік салығын төлеу мерзімі өзгеріссіз, төлемді 31 желтоқсанға дейін өтесеңіз жеткілікті. Алайда уақытты жіберіп алмай, міндетті төлемдерді өз мерзімінде төлегеніңіз абзал деп ескертеді салықшылар.

Шынар Оразова