Úı ANONS Бір тәулікте коронавирустан 36, пневмониядан 30 адам қайтыс болды

Бір тәулікте коронавирустан 36, пневмониядан 30 адам қайтыс болды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша жаңартылған статистиканы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, COVID-19 зертханалық расталған жағдайлардың саны — 1226, соңғы бір тәулікте 36 адам қайтыс болды. Анықталмаған этиологиясы бар, бірақ коронавирустық инфекцияның клиникалық және эпидемиологиялық белгілері табылған пневмониямен ауырғандар саны – 5181. Өткен тәулікте пневмония диагнозымен 30 өлім жағдайы тіркелді», — делінген министрлік хабарламасында.

Жалпы коронавирусқа қатысты жаңартылған мәліметтер төрт цифрға негізделеді. Бірінші көрсеткіш — коронавирус ПТР сынағымен расталған пациенттер, екіншісі — өлім жағдайлары, үшіншісі — ПТР сынамаларымен дәлелденбеген ықтимал ауырған пациенттер, төртіншісі — ПТР сынамаларымен дәлелденбеген бірақ өлім нәтижелері көрсеткен жағдайлар. Кеше коронавирусқа қатысты жаңартылған коронавирус статистикасы 2 тамызда жарияланады деп хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеген болатын. Кейін коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетіні анықталды. Сонымен қатар, Елімізде COVID-19 бойынша жаңа статистика 1 тамыздан бастап жүргізілетіндігі айтылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус статистикасы жаңаша қалай жүргізілетінін түсіндірді.