Газбен жүретін көліктердің паркингке кіруіне рұқсат жоқ

162

Шымкент тұрғыны Нұржан Абанов арнайы тапсырыспен жүк тасымалдаушы болып жұмыс істейді. Күннің атысымен темір тұлпарын тізгіндейтін жүргізуші ақшасын үнемдеу үшін көлігіне газ қондырғысын орнатқан.

Басында бәрі жақсы болып көрінгенімен, қазіргі таңда белгілі шектеулерге үйренісе алмай жүрген жәйы бар. Себебі, жерасты жабық автотұрақтарға кіруге болмайды. Бүгін сол жағдай тағы қайталанды.

Нұржан АБАНОВ, жүргізуші: «Осындай шектеу қиындық туғызатыны анық. Ал мына күзетші кіруге болмайды деді».

Еңбекші ауданына қарасты төтеншеліктер тұрғын үйдің жабық тұрақтарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Газ қондырғысы бар көліктерге арнайы қабылданған заң бәріне ортақ дейді. Жарылыс орын ала қалатын болса, тек қана көлік емес, тұрақ үстінде орналасқан тұрғын үй немесе өзге де нысандарға залалын келтіреді деп отыр. Нақты статистиканы келтіре алмаған мамандар газбен жүретін көліктердің жарылу қаупі басым дейді.

Нұрмұхаммед Достанбек, Еңбекші аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері: «Газбен қозғалатын автокөлік, бағанағы жанармаймен қозғалатын автокөлік салыстырмалы түрде алған кезде газбен жүретін автокөліктің жарылу деңгейі жоғары. Ал, жануы бойынша техникалық ақауына байланысты жану фактілері орын алады».

Нұргелді Садуақас көгілдір отынмен жүретін көліктерге қойылған шектеуге көңілі толмайды. Себебі, көше бойына қойған көлікке автоұрылардың қол сұқпасына кім кепіл дейді. Темір тұлпар жазда күннің астында қақталып, қыста қармен көмкеріліп қалады деп базынасын жеткізді.

Егер сіз қойылған талапты орындамасаңыз, қомақты айыппұлға тап боласыз. Яғни, Әкімшілік кодекстің 410-бабы бойынша жеке тұлғаларға және кәсіпкерлік субектілерге 5 пен 50 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынады. Егер газбен жүретін көлік салдарынан қандай да бір төтенше жағдай немесе басқа да апат бола қалса, кінәлі адам Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Оқиға салдарынан кісі өлімі орын алса, автокөлік иесі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ғалымжан Кенжебек