Кәсіпкерлер оңалту рәсімін қолдануға болатындығын білмейді

347
фото Ult.kz

 

Бүгінде дүниені дүрліктірген дерт экономикаға да қатты соққы беруде. Соның салдарынан әлемді жаулаған дағдарыс неше жылдан бері құрылған бизнес субъектілерін қаржылық тапшылыққа әкеп соғуда.

Бүгінгі жағдай бизнес өкілдерін қаржылық сауатты болуға жетелеуде. Алайда, кейбір салық төлеушілер төлем қабілетсіздігін қалпына келтіру мақсатында оңалту рәсімін қолдануға болатындығын білмейді.

Осыған орай, Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Департамент барлық төлем қабілетсіздікке ұшыраған кәсіпорындарды, ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес оңалту рәсімін қолдануға шақырады.

Оңалту рәсімі – бұл сот тәртібімен қолданылатын рәсiм, оның шеңберiнде борышкерге оның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған шаралар қолданылады.
Сот шешімімен бекітілген оңалту рәсімі — рәсімдердін арасында ерекше орын алуда. Бұл бірінші кезекте рәсімнің өзінің ерекшеліктерінен, оның мақсаттары мен салдарынан туындайды. Бейнелі сипаттама берсек, оңалту рәсімі кәсіпорындардың дағдарысты жеңудің соңғы мүмкіндігі деп айтсақта болады.

Қарызы шамалы аз, ең бастапқы сатыда, қаржылық дәрменсіздік әлі қайтымсыз болған кезде оңалту рәсімі  тиімді болады. Ол кәсіпорынға бизнесті оңалтуға, өндірісті реформалауға және қайта құрылымдауға қосымша мүмкіндіктер береді.
Оңалту рәсімінің қолдану ерекшелігі, ол енгізілген сәттен бастап берешектің барлық түрлері бойынша, оның ішінде банктік қарыздар мен салықтар бойынша тұрақсыздық сомасының (өсімпұл, айыппұл) есептелуі тоқтатылады. Яғни, кәсіпорынның барлық қарызы бекітілген жоспарға сәйкес кәсіпорын үшін де, кредиторлардың өздері үшін де қолайлы кесте бойынша рәсім шеңберінде өтелетін болады.

Осыған орай, салықшылар кредиторлық берешекті төлеу бойынша күрделі жағдай орын алса, оңалту рәсімін қолдана отырып өзіңіздін төлем қабілетіңізді қалпына келтіруге болатындығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Айбар Нұргелдиев