Темекі мен кальян: Зиянды заттардың әуресі

263

Елімізде темекі, кальян өнімдерін пайдалануға қатысты тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп отыр. Бұдан былай адам денсаулығы үшін зиянды заттарды тұтыну шектеледі. Бұл ережелерді елемегендер айыппұлға тартылады. Ортақ тәртіпке бағынбағандарды қандай жаза күтіп тұр? Мұны шымкенттіктер қалай қабылдады?

«Жеке куәлігіңізді көрсетіңіз!». Дүкендегілер бір қорап темекі сатып алмақ болған қала тұрғыны Сергей Бунинге осындай талап қойды. 50 жылдан бері шылым тартатын Сергей бұл талап құлаққа түрпідей тигенін айтады. 21 жастан асқанын сыртқы түр-тұрпаты ап-анық көрсетіп тұрса да құжаты болмағандықтан ол темекісін бұл дүкеннен сол күйі ала алмады.

Сергей Бунин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл шектеулер де дұрыс шығар, алайда, өте ыңғайсыз екен. Құжатты үнемі қалтада алып жүру мүмкін емес қой, заңға өзгерістер енгізілгенде жан-жақты ойластырылуы керек еді».

Елімізде темекі мен алкоголь өнімдерін құжатсыз сатып алуға тыйым салу талаптары үстіміздегі жылдың шілде айында шықты. Енді құжатыңыз болмаса, орта жаста, тіпті егде жаста болсаңыз да сізге бұл тауарлар сатылмайды. Алайда шектеулер кей дүкендерге қатысты болмай шықты.

Темекі тартатындардың наразылығына қарамастан, 20 жылдық еңбек өтілі бар нарколог-дәрігер Раушан Баймұрынова бұл түзетулер жас ағзаны темекі шегудің салдарынан қорғайтынына сенімді. Бір тамшы никотин туралы түсінік қазір ескірген. Темекі өнімдеріне қосылатын химиялық заттар никотиннен әлдеқайда қауіпті!

Раушан БАЙМҰРЫНОВА, нарколог-дәрігер: «Жас ағза үшін бұл үлкен қауіп, өйткені темекі мен темекі түтінінде канцерогенді заттар көп. Онда 5 мыңнан астам түрлі химиялық қосылыстар бар, олардың 500-і канцерогенді заттар. Оның ішінде радиоактивті-полоний, бензоперин, онкологиялық ауруларды тудыруы мүмкін. Ақыл ес пен сезу мүшелерінің бұзылулары да темекінің салдарынан болады».

Қазір темекі ғана емес кальянға қатысты заң шектеулері де қолға алынып отыр. Кальян қоспасы бар өнімдерді, темекіні қыздыруға арналған электронды құрылғылар пайдаланудың өз тәртібі бар. Оларды қоғамдық тамақтану орындарында, спорт ареналары мен футбол алаңдарында, түнгі клубтар мен барларда, балалар алаңдары мен жер асты өткелдерінде пайдалануға тыйым салынады. Енді темекі шегуге де арнайы бөлінген жерлерде рұқсат етіледі. Өйткені, темекі шегушілер өздеріне ғана емес, басқаларға да зиян тигізеді.

Раушан БАЙМҰРЫНОВА, нарколог-дәрігер: «Ұлыбританияда зерттеу жүргізілді, кальянның бір бөлігі 100 дана темекіге тең. Темекі шекпейтін адам темекі шегетіндерден көп зардап шекпеуі керек. Кальян сұйықтықтарын тұтынуға қатысты да осыны айтуға болады».

Енді бұл шектеулерді пысқырмағандар заңмен қудаланады. Тиісті талаптарды ескермеген жеке тұлғалар 40 мың теңге айыппұл төлесе, заңды тұлғаға 170 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Мақпал Рысбаева