Қожа Ахмет Яссауи кесенесі — ғибадат етіп, құлшылық қылатын орын ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген мың туристерді тартатын нысан. Жергілікті билік пандемияға қарамастан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне баса назар аударып, айналысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Оның басты күмбезі мен аумағы толықтай жаңартылды.
Түркістан жайлы тек суреттен ғана көрмей, тарихтан сыр шертіп, пайдалы ақпармен кез-келген адам құлағдар бола алады. Мұндай мүмкіндікті кесененің жанынан бой көтерген «Визит» орталығы береді. Туристерге қажетті мағлұматтарды ұсынатын 7 тілді аудиогиді бар орталық өзінің техникалық жұмысын бастап, қонақ күтуге дайын. Мақсатымыз туристерді таң қалдырып, барынша ыңғайлы қызмет көрсету дейді орталық басшысы.
Ерасыл ТӨЛЕБАЕВ, «Сапар» орталығының директоры: «Сапар» орталығының басты мақсаты — Түркістанға келген туристерді, жергілікті тұрғындарды ежелгі қаламен таныстырып, Әзірет Сұлтан комплексіне саяхат жасау. Және оларға қолайлы жағдай жасау. Ең басты мақсат осы болады».
Ғимараттың ішінде құнды экспонаттармен жабдықталған музей де бар. Өткен ғасырға сапар шегуге интерактивті карталар орнатылған. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев орталықтың жұмысымен толық танысып, алдағы жоспарларын пысықтады. Әкімге рухани-мәдени аумаққа саяхат жасайтын 13 автокар таныстырылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келушілердің бәрін дәл осы «Сапар» орталығы арқылы өткізуді жоспарлап отырмыз дейді Ерасыл Төлебаев.
Ерасыл ТӨЛЕБАЕВ, «Сапар» орталығының директоры: «Бұл идеяны алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз. Келген әр қонақтарымыз «Сапар» орталығынан өтуі керек. Өйткені бізде сол жерге билет сатылмақ. Және онлайн түрде де билетке тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ,бізде қонақтарға қолайлы жағдай жасалған. Біз қонақтарымызға қызметтерімізді көрсетуге дайынбыз».
Айта кетерлігі, жуық арада қолданысқа берілетін Конгресс холл, драма театр және тағы да басқа нысандарға билеттерді де осы жерден алуға болады. Келуші кез келген азамат тегін интернет желісі мен компьютер арқылы құжат рәсімдей алады. Орталық коворкинг, кітапхана, кафетерий, 3 сувенирлік дүкен, демалу бөлмесі мен автотұрақпен қамтамасыз етіледі.
Нұрлан Сұлтанбек