Жедел жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы жаңғыртылды

153

 

Шымкент қаласында халықаралық стандарттарға сай жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы ашылды.

103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан. Нәтижесінде қала тұрғындары еш кедергісіз жедел жәрдем нөміріне хабарласа алады.

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды.

Сондай-ақ ақпараттық жүйенің көмегімен Шымкент қаласының картасы бойынша мекенжайларды іздеу, көлік бағыттарының карталарын қадағалау, күту уақыты, қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметтерді автоматты түрде бақылауға болады. Ал, шақыртуда жүрген мамандардың жұмысын бақылау үшін 100 жедел жәрдем көлігіндегі қызметкердің бәріне толығымен жаңа планшет берілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі мен «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы арасында жедел жәрдем қызметін жаңғырту жобасы аясында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын. Келіссөз нәтижесінде бірінші кезеңде жедел жәрдем қызметіне 100 жаңа көлік берілген. Екінші кезеңде осы жоба аясында «Call» орталығы әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылды.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі