Карантиннен кейінгі жәрмеңке

288

Араға жарты жыл салып Шымкентте ақыры жәрмеңке өтті. Сенбі күні Қажымұқан стадионына келгендер қарасы аз емес. Олардың басым бөлігі саудагерлер. Сөздерінше, кәсіп иелері бұл күнді асыға күткен. Сенбі сайын жәрмеңкеге шығып, нәпақа табатынбыз деген олар енді жағдайдың қиындамауын тілейді.

Мерует Тәлібжанова, саудагер: «Осы күнді асыға күттік. Бұрын сенбі сайын жәрмеңкеге шығып, балаларымызға бес он тиын болса да тауып кететін едік. 6 айдан кейін тағы да жалғасын тапты. Өте қуаныштымыз. Енді қоғамдық көліктерді іске қосса құба-құп болар еді».

Саудагерлер сөзінше, жәрмеңкеге келушілер қарасы көп емес. Оны сатушылар қоғамдық көліктің жүрмеуімен байланыстырады. Кесірінен ашық аспандағы саудаға тек осы маңайдағы тұрғындар мен жеке көлігі барлар ғана келген.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі Қажымұқан стадионының алдында жәрмеңке сенбі сайын өтетін. Дәстүрге айналған саудаға ет, сүт, құс өнімдері мен көкөніс, жеміс жидек шығарылатын. Аспан астындаға сауданың карантиннен кейін еш өзгешелігі жоқ. Тек бұл жолы зат алуға келген елдің көңілі көтеріңкі.

                                                                                                      Назерке Үкібасова