Білім және ғылым министрі білім басқармаларының басшыларын сынға алды. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жан басына қаржыландыру бойынша білім саласын дамыту үшін арнайы нысаналы трансферттерге қатысты мәселе туындауда.
Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласынан өзге өңірлерде жан басына қаржыландыру жүйесі іске асырылады. Бірақ қаражат биылғы жылдың қаңтар айынан түсіп отыр. Демек, материалдық-техникалық базаға жұмсалатын ақшаны салаға жауаптылар қаңтар айынан бастап игерулері керек екен. Ведомство басшысы мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаған басқарма басшыларының әрекетінен күдіктенді.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым министрі:«Біздің қоғамда қалыптасып қалған ұғым бар. Білім саласына қатысты болғаннан кейін балабақша, мектеп, білім басқармасы болсын – тікелей қаржыландырып, басқарып, тағайындап, жабдықтап отырады деген пікір қалыптасып қалған. Айналып келгенде ең бірінші сұрақ та, сын да министрлікке түседі. Бірақ тағы да айта кетейік: «Қазақстан Республикасының білім туралы» заңына сәйкес бұл мәселелер тікелей жергілікті әкімдіктердің құзыретінде. Жергілікті білім басқармалары мен бөлімдері мектептерге, балабақшалар мен колледждерге қатысты барлық саясатты іске асырады. Қаржыландыру да, жабдықтау да, компьютер сатып алып, интернетпен қамтамасыз ету де жергілікті бюджеттен болады. Қоғамда осы айтылған мәселелер көп көтерілуде».
Мақпал Рысбаева