Праймериз қатысушысы: «Елге пайдам тисе деймін»

392

Өңірімізде өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған жастар жетерлік. Солардың бірі Қазығұрт ауданындағы «Серпер» фабрикасының иесі. Сын сағатында көпке қол ұшын берген жас кәсіпкер енді депутат болуға ниетті.


Пневмония кезінде тәулік бойы тігін тіккен бұл жандардың жұмысы, карантин режимі жеңілдесе де азаймай тұр. Алғашында қорғаныш костюмдерін тіккен «Серпер» фабрикасы қазір медициналық бетперде тігуді қолға алған. Және соңғы 4 айды үреймен еске алады.

Бағила Манахова, қызметкер: «Біз ең қиын кезде дамылсыз жұмыс істедік. Ал, біздің басшымыз болса, осы аралықта аянбай қолдау көрсетті. Жұмыспен қамтып, жанымыздан табылды. Біле білсеңіздер, орталығымызда қаншама жылдан бері жұмыс таппай, осында келіп кәсібін тапқандар бар. Біз барлығын жүрекпен жасаймыз. Сондықтан шығар, өнімдеріміз сапалы».


«Серпер» фабрикасының аты тек Қазығұрт ауданында емес, ел аумағында да белгілі. Бұған дейін мектеп формасы, медицина киімдері мен қорғаныс киімдерін шығарумен танымал.

Праймеризге қатысушы Данияр Көбеев депутат болып мансап қууды қаламайды. Басты мақсаты елдің әлеуметтік жағдайын жөндеп, жұмыс орындарын беру. Және халықпен ашық жұмыс істейтініне сенімді.

Данияр Кобеев, үміткер: «Біз сапаға жұмыс істейміз. Көріп тұрғандарыңыздай алдымен сапалы жабдықтар сатып алдық. Енді жұмыс орнын көбейтіп, кеңеюді көздеп отырмыз. Бар мақсатым пайданы өзім ғана көріп қоймай, елге де көмегі тисе екен деймін».


Серпер фабрикасының ұжымы өз басшыларының жеңісіне ғана емес, оның нәтижелі жұмыс істейтініне де сенімді. Және жас кәсіпкердің бастамасына мүмкіндік беріп, өзін саясатта сәтті көрсетсін деп үміт артады.

                                                                                               Назерке Үкібасова